You are on page 1of 3

ҚЫРЫҚТАН ӨТКЕН ЖАС ЖОҚ

• Санжар Керімбай

Адам ұрпағы атам заманнан бері қырықтан асқан соң, кісі көңілі қырық құбылатынын
біледі. Арындаған «менмін» деген азаматтар 40-қа таяғанда тоқырап, шөгіп қалады.
35-тен асқан соң үйіне сыймай алабұртып, аласұрып жүреді. Не жасаса да, маңызды
нәрсені ұмыт қалдырғандай, көңілі тыншымай тұрады. Психологтар бұл мазасыз
сезімді «орта жас тоқырауы» деп атаған. Oсы шешуші кезеңдегі шым-шытырық адам
хәлін психолог Карл Густав Юң әбден зерттеген. Оның «Мүшел жас» («Жизненный
рубеж») атты еңбегін қазақы түсінікке ыңғайлап, ықшамдап аударып отырмыз.
Әдетте, рухани бай адам қырықтан кейінгі нағыз өмірдің «шайқасынан» қорықпайды.
Егер қырықтан соң да «махаббат», «бедел», «орден», «медаль» сияқты баянсыз
мақсат қууын қоймаса, обалы өзіне. Себебі, қырықтан асқан адамның жан дүниесі аз
уақытта астан-кестеңі шығып, қырық жыл бойы қалыптасқан өмір туралы жалған түсінігі
тас-талқаны шығады. Бұл проблема бір қарағанда байқалмайды. Үйі, жары, сүйкімді
ұл-қызы, табысты жұмысы – бәрі бар. Бірақ күдікті ойлар жанын күннен-күнге кеміріп
жатады. Ішкі дүниесі мүжілген адамның жүйкесі жұқарып, сабырлы, салмақты мінезінен
ажырайды. «Рухани тоқыраудан» бейхабар болғандықтан, ғұмырының не себепті
мәнсізденіп, ісінің кері кетіп жатқанын түсіне алмайды. Тіршілігі тоқырап, қызықсыз боп
бара жатқан соң, көңіл-күйін қолдан көтерудің неше түрін ойлап табады. Қыруар
ақшаны желге шашуға бейім болады. Қырыққа дейінгі жетістіктерін шабытпен, ерен
ерлікпен іске асырып еді. Орта жастан асқанда соның бәрі мәнсізденіп, көмескі тартты.
Ондай кезде жігіт ағасы кафеге достарын жинап: «Есіңде ме, біз баяғыда өйтуші едік,
бүйтуші едік» – деп, бұрынғы істерін ұлғайтып, маңызды етіп көрсетуге тырысады.
Бірақ адам жасы елуге таяған сайын өткен өмірдің «ерліктері» ұсақтала береді.
Қартайып, тозып бара жатқан тәнінен кетуге дайындалып жатқан шыбын жан мәңгілік
маңызы бар ғарыштық жұмыстарды аңсап бастайды.
Ата-анасы тірі кісілерде осы проблема қатты байқалады. Әкесіне арқа сүйеген балада
«жастық шақ психологиясы» ұзаққа созылады. Әкесі дүниеден озғанда 30-35-тегі жігіт
әрі қарай не істеу керегін білмей, қатты сасады. Ақыры шын өмірдің қиындығымен
бетпе-бет кездеседі. Осы арада қазақтың «әкең өлмей, мұсылман болмайсың» деген
мақалы еріксіз еске түседі. Бұл жерде перделеніп, байқалмай тұрған шындық мынау:
қырықтан соң адам өміріндегі қызықты, ләззатты, нәпсәни қуаныштар азая түседі. Бұл
процесс пенденің қаусаған қарттық пен қорқынышты ажалға қарай нық қадаммен кетіп
бара жатқанын білдіреді. Қарттық пен ажалдың суық құшағын алдын ала сезінбеген
орта жастағы адам студент кездегі қызықтарын еске алудан жалықпайды. Өткен
қызығын қайталап айтқан сайын отбасында іш пыстыратын қызықсыз әкеге айналып,
үйге келген қонақтарын да мезі қылады. Жалған қызық артта қалды. Енді ең маңызды
қадам жасауы керек: ауру, қарттық, өлім сәті – осы үш қиындықты лайықты қарсы алуға
белді бекем байлау.
Әдетте жол білмейтін керуен алысқа сапар шегуден қорқады. Сауданың иісі мұрнына
бармас жай адам үлкен бизнеске аяқ баспайды. Себебі, «банкрот болсам, бала-шағам
қаңғырып қалады» деп сескенеді. Сол сияқты, қарттық пен өлімнен ілім-білімі жоқ орта
жасар жігіт те әрі қарай өмір сүруге қорқады. Алдына қараса, ажал туралы үрейлі
ойлар тұла бойын қарып өтеді. Үрейден құтылудың жалғыз жолы – тағы да жастық
шақтағы ерлік пен қызықты жиі еске алу деп біледі.
Шала сауатты кісілерді айтпағанда, жоғары білімді кісілердің өзі ішкі әлемде осындай
түбегейлі өзгеріс болатынын алдын-ала болжай алмайды. Ғұмырының екінші
жартысына дайындықсыз кіргендер орта жаста бағытынан жаңылады.
Бәлкім, қырыққа келіп, қарттықпен қауышатын егделерді профессионал өмірге
дайындайтын арнайы мектеп ашу керек шығар. Адам баласы есейгенде өмірі жеңіл,
тұрмысы жоғары болу үшін арнайы ЖОО ашып, мамандық үйретеді. Жас маманды
жұмыс істеп, ақша тауып, кәсіп игеруге мемлекет бейімдейді. Сол секілді,
профессионал өмір басталғанда да қарттыққа, созылмалы сырқаттарға, өлімге
тыңғылықты дайындайтын мектеп керек емес пе?
Бозбала «өмірдегі қызықтың бәрі әлі алда» деп алданады. Отыздан соң арыны
басылып, арнасы тарылып, уақыт тапшылығын сезеді. Келер жылға жоспар құрып, қай
істі қолға алсаң да, соңына жеткізе алмайтыныңды түсіне бастайсың. «Қырық жасар
адамға арналған мектеп» болса ғой деп армандайсың. Бірақ қайдан болсын?! Бұрынғы
заманда бұл мектептің қызметін шіркеу атқаратын. Шыбын жаны тыныштық таппай,
тыпырши бастаған орта жастағы азамат шіркеуге барып, «өлім сәті», «өлімнен кейінгі
өмірдің» ілімін дінбасылардан үйренетін. Қазір де орта жаста рухани тоқыраған
кісілерді шіркеу ғана профессионал өмірге өз әлінше дайындайды.
Сәби кезіңізде ойыншық арқалап көшеге шығып, балалармен ойнағанда, оны ешкімге
бермей қызғанасың. Қазақшаласақ, қорғасын құйған сақаңды жастанып жатып
ұйықтаған сияқты құбылыс. Есейіп, ер жеткен соң, балалық эгоизмнің бәрі күлкілі
көрінеді. Студент болған бозбала жатақханаға қошқар сақасын алып келмейді. Сол
сияқты, отыздан асып, қырыққа бет алғанда жігіт кездегі арман-қиялдар өзінен-өзі
ұсақталып, артта қалуға тиіс. Жиырма бестегі мақсат-мұратты елуді еңсергенде қайта
қозғасаң, жетпіске жеткенде мүлде масқара боласың.
Ақша табу, мал құрау, дүние жинау, үй салу, көлік міну, бала-шаға көбейту, бедел жинау
– бұлар осы дүниедегі табиғи элементтер құрамы ғана. Бұлар мәдениетке де,
руханиятқа да жатпайды. Адамның іс-әрекеті өлімнен кейінгі «өмірге» бағытталғанда
ғана руханият пен мәдениет тіріледі. Мәдениет пен руханиятқа шын ұмтылған кісі
«қабірдегі жайым не болар екен?» деген сұрақтың жауабын табуға талпынсын.
Алғашқы қауымдық тайпаларды зерттесең, оларды парасатты ақсақалдар басқарған.
Олар өмірдің құпия сырын меңгеріп, жастарға жол көрсетіп, бағыт берді. Данагөй қарт
пен құймақұлақ жастың байланысынан олардың мәдениеті мен руханиятының биік
деңгейін көресің. Осы тәжірибені өзімізге салып көрелік. Бұл күнде қарттар аз емес,
бірақ ақыл-парасаты, даналық ілімі қайда? Өмірден білген-түйгені, тәжірибелері қайда
қалды? Жастарды қарттыққа үйретпек түгіл, өзінің балаға ұқсап желігіп кетер мінезі көп.
Қариялар жасарғысы келіп, кері дамып жатқанда бозбала кімнің тәжірибесіне жүгініп,
кімнен үлгі алады? АҚШ-та әкесі ұлына жолдас, шешесі қызына құрбы болу сәнге
айналды. Жап-жас көрінетін әке-шеше ұл-қызымен құрдасындай қалжыңдасады.
Мұндай түсінікпен өмір кешетін адамға өмірдің соңғы аялдамасы келешекте емес,
керісінше, өткен өмірде жатқан сияқты. Бұл – «Мен күннен-күнге жасарам. Осы
бетіммен кете берсем, әбден кішірейіп, анамның жатырына қайта кіріп кетем» деп
сөйлейтін ақыл-есі кем адамның ойына пара-пар. Осылай кері түсінікпен өмір
сүргендіктен, олардың жан дүниесі құлдырайды. Осындай мән-мағынасыз ойлар адам
өміріне қайдан кіріп алды деп ойлайсыз? Бәрі «профессионал өмір сүру» өнерін
меңгермей, мақсатсыз жүре беруден шыққан жоқ па?
Тоқыраған пендені құтқару үшін оның бойындағы күш-қуатты өлім сәтіне жұмылдыру
керек. Бірақ мұны ілімсіз іске асыру мүмкін емес. Себебі, профессионал өмір мен
дұрыс өлімге дайындау – дінде ғана сәтті жолға қойылған. Көп адам дүниенің
рақат-қызығына шырмалып қалғандықтан, о дүниеге сенбейді. Тіршілік ауыр азаптан
тұрса, тағдырдың тауқыметінен шаршаған пенде өлім сәті таяғанына қатты қайғырмас
еді. Өкінішке қарай, қазір өмірді қыздырып, адамды рақатқа бөлейтін құмар зат көп.
Рақат-қызықпен ешкімнің қоштасқысы жоқ. Сондықтан, о дүниеге сеніп, оған жігіт
шақтан дайындалу оңай шаруа емес. Әсіресе, зайырлы оқу ордасында білім алған
сауатты адам үшін бұл өте қиын. Зайырлы оқудың кемшін тұсы да сол: табиғаттағы
барша құбылысқа тәжірбие жасап, ғылыми дәлелдейді. Айтылған ойды қолмен ұстап,
көзбен көрмейінше сенбейді. Физика, химия, геометрия ғылымдары барлық затты
айнымайтын формула, есептермен таңбалап тастаған. Қит етсе, аузынан тастамас
лозунгі – «ғылыми дәлел». О дүние тіршілігін де тәжірибе жасап, аппаратпен тексеріп,
қабірдегі тіршілікті камерамен бақылап, сосын барып сенгісі келеді. Бірақ ол мүмкін
емес. Қабір әлемі – құпия әлем.
Өлімді зерттеген Юңның өзі бұл мәселеде шарасыз. Оның да арғы дүние туралы
«ғылыми дәлелі» жоқ. Амалы құрыған психолог бүкіл зерттеуін қорытып, мынадай ойға
келеді: «Алдына мақсат қойып, салауатты өмір сүретін адам «бара көреміз» деп
жоспарсыз, беталды жүре беретін жұртпен салыстырғанда, әлдеқайда бақытты ғұмыр
кешеді. Отбасы да берекелі, дені де сау, атақ, беделден де кенде емес. Мүгедек болып,
төсекке таңылған адам жұмыс істеп, тұрмыс кешуге қаншалықты дәрменсіз болса,
қарттыққа дайындығы жоқ қуыскеуде қарт та өлім сәтіне дәрменсіз. Әдетте, олардың
жан тапсыруы ауыр хәлде өтеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, уақытқа жалғанып,
ілгері жылжымай, керісінше, «мәңгі жас болам» деп қарттықпен қасарысу –
ақымақтық».
Юң адамға нақты бір дін, конфессиалық ілім ұсынбайды. Бар болғаны, адам ғұмырын
маңызды, бақытты, қуанышты сәтпен толтырудың жолын іздейді: «Дін – әркімнің жеке
шаруасы дегеннің өзінде, адамзатқа ортақ әділет принципін қолдап, ақжүрек боп өмір
сүргенге не жетсін?! Жоғарыда айтылған фактінің бәрі ғасырлар бойы нағыз өмірдің
қазанында қайнап, сүзіліп шыққан ақиқаттар. Тым болмаса, осы шындықты мойындап,
әрекет етсек, бақытты ғұмыр сүруге мүмкіндік мол болар еді» – деп бір тоқтайды.

КІТАПТАР ӘЛЕМІ АРНАСЫ ⬅️

You might also like