You are on page 1of 28

Дәріс 1.

Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы мен ежелгі металлургия


кезеңіндегі көшпелілер өркениетінің қалыптасуы.
Дәрістің мақсаты – адамзат және оның шаруашылығының қалыптасуында
ерекше орын алған тас пен қола дәуірінің ерекшеліктеріне тоқталып, табылған
археологиялық материалдарына сипаттама беру.
1. Тарихи үдерісті кезеңдерге бөлу.
2. Қазақстан аумағындағы тас ғасырының археологиялық ескерткіштері.
3. Ұлы даладағы қола дәуірі. Қола дәуіріндегі палеоэкономика. Қазақстан
аумағында кен ісі орталықтарының қалыптасуы.
4. Қола дәуірінің ескерткіштері. Материалдық және рухани мәдениет.

1. Қазақстан тарихы пәннің мақсаты – Қазақстан тарихын танып-білу


арқылы жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, тарихи сананы
қалыптастыру. Қазақстанның әрбір азаматы өзі тұрып жатқан мемлекеттің
тарихын білуге және тарихы тым тереңде жатқан Қазақстан деген мемлекетте
өмір сүріп жатқанын мақтанышпен сезінуі тиіс.
Қазақстан тарихы пәннің міндеттері:
1) Ұлы дала аумағында көшпелі өркениет пен мемлекеттіліктің қалыптасу
ерекшеліктерін ашу.
2) Ұлы Дала аумағында (Қазақ жерінде) өмір сүрген түркі мемлекеттердің,
түркітілдес ру-тайпалардың Қазақстан тарихында алатын орнын, саяси,
әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму ерекшеліктерін ашу.
3) XIII-XV ғғ. Орталық Азиядағы түркітілдес халықтардың этномәдени
интеграциясының кезеңдерін, Қазақ хандығының, қазақ халқының
қалыптасуының тарихи алғышарттарын талдау.
4) Қазақстанның отарлық кезеңдегі тарихи үдеріске, тарихи уақиғаларға
сыни тұрғыдан баға беру (XVIII - ХХ ғғ.басы, 1917 жылға дейін).
5) Кеңестік әкімшілік-басшылық жүйе құрамындағы Қазақстанның даму
ерекшеліктерін талдау.
6) Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік даму стратегиясына, қазақстандық
қоғамды демократияландыру ерекшеліктеріне әділ баға беру.
7) Қазақстан тарихында айрықша із қалдырған тарихи тұлғалардың тарихта
алатын орнын ашып көрсету.
Қазақстан тарихы бірнеше кезеңдерен тұрады, атап айтқанда:
1) Тас дәуірі (тарихқа дейінгі кезең) - 2,6 млн. - б.з.б. 3 мыңжылдық
2) Қола дәуірі: - б.з.б. 2 мыңжылдық (б.з.б. XVIII – IX ғғ.)
3) Ерте темір дәуірі: Сақ тайпаларының саяси бірлестіктері - б.з.б. VIII – IV
ғғ.
4) Ежелгі мемлекеттер дәуірі: Қанғлы Үйсін, және Юэбань мемлекеттері -
б.з.б. III – б.з. III ғғ.
5) Түркі дәуірі – VI – XII ғғ.
6) Татар-моңғол дәуірі – XIII – XV ғ. 1 жартысы
7) Қазақ хандығы дәуірі – XV ғ. екінші жартысы – XVIII ғ.
8) Отарлық кезең – XVIII ғ. 30 жылдары – XX ғ. басы (1917 ж. дейін)
9) Кеңестік отарлық кезең – 1917 – 1990 жж.
10) Тәуелсіздік кезеңі – 1991 ж. – қазіргі уақытқа дейін.

2. Ежелгі адам өз дамуында бірнеше кезеңдерден өтті. Оның негізінде тас


өңдеу техникасының жетілдірілуі және онымен байланысты еңбек өндірісінің,
материалдық және рухани мәдениеттің дамуы жатыр.
Тас ғасыры дәуірі үш кезеңнен: палеолит (көне тас дәуірі), мезолит (орта тас
дәуірі), неолит (жңа тас дәуірі) кезеңдерінен тұрады. Палеолит өз кезегінде ерте
және кейінгі палеолитке бөлінеді.
Ерте палеолит ірі-ірі үш дәуірге бөлінеді, олар: олдувай (2,6 млн. — 700
мың жыл бұрын), ашель (700 мың - 150-120 мың жыл бұрын) және мустье (150-
120 мың – 31-30 мың жыл бұрын) дәуірлері. Кейінгі палеолит 35-30 мың жылдан
12-10 мың жылға дейінгі уақытты қамтиды.
Көне тас ғасырының дәуірі – адамзат және оның шаруашылығының
қалыптасу кезеңімен сипатталады. Алғашқы адам жабайы өсетін дәндерді,
жемістер мен жидектерді жинап, жануарларды аулаған. Бұл тұстағы адамдардың
өзара қарым-қатынасы олардың теңдігіне, еңбек бөлінісінің жынысқа, жасқа
қарап реттелуіне негізделді. Күллі тас ғасыры бойына еңбек құралын жасау
жолындағы басты рөлді тас атқарады. Сол себептен де археологтар ежелгі
тұрақтардан көбінесе тастан жасалған бұйымдарды табады, ал неолиттік
тұрақтардан жануарлар сүйектерінен жасалған бұйымдар да кездеседі.
Археологияның мәліметтері Қазақстан аумағында ашель дәуірінде
адамдардың пайда болғандығын анықтады. Сол дәуірдің ескерткіштері Оңтүстік
Қазақстанда, Қаратау жотасында табылды. Бұл Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл
тұрақтары. Қазіргі таңда Қазақстанда палеолит мәдениетіне жататын екі аймақ
белгілі, олар: Оңтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан. Орталық Қазақстандағы
ашель дәуірінің ескерткіштері - Жезқазған қаласынан 150 шақырым жердегі
Жаман айбат және Қарағанды облысының Жезді ауданынан табылған Обалысай
тұрақтары болып табылады.
Кейінгі палеолитте қазіргі адамның арғы атасы «ақылды адам» - «хомо
сапиенс» пайда болды. Мәдениеттің алғашқы түрлері – бейнелеу өнері (тасқа
қашалған аңдардың және т.б. суреттері) мен діни наным-сенімдер пайда болды:
анимизм (о дүниелік өмірдің бар екендігіне сену), фетишизм (мүсіндерге табыну),
тотемизм (аңдарға табыну).
Тас дәуірінің тарихында мезолит б.з.б. 12-5 мыңжылдықты қамтиды.
Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебені ойлап шығаруы үлкен
жетістік еді және осы тұста микролиттер – үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент –
тәрізді ұсақ қалақтар шықты.
Б.з.б. 5 мың жылдықта басталған неолит – тас құралдарын барынша
пайдаланған дәуір. Бұл кезде еңбек құралдары жетілдіріліп, тастарды бұрғылау,
тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған.
Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас
балталар, кетпендер, дән үккіштер жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан
жерінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының тууы, ертедегі
адамдардың бұрынғы табиғаттың дайын өнімдерін иемденуден, яғни өсімдік
дәндерін жинау, аң аулау орнына, өндіруші шаруашылыққа көшуге жағдай
жасады.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында ғылымға белгілі 600-ден аса неолиттік
және энеолиттік ескерткіштер табылған. Олардың қалдықтары археологиялық
зерттеулер барысында Қазақстанның барлық аймақтарынан табылған. Қоныс
орындары Қаратау алқабынан Қараүңгiр, Арыс, Дермене, Тасқотан, Арал
маңынан Жалпақ, Ақеспе, Сарыарқадан Жезқазған, Сарыбұлақ, Қарағанды
кешендерi, Шығыс Қазақстаннан Соцчигиз тұрақтары табылды.
Неолит дәуіріне Атбасар және Маханжар мәдениеттерi жатады Атбасар
маңайында 200-ге тарта тұрақ табылған. Маханжар мәдениетiнің ескерткіштері
Торғай ойпатының түбінен табылған. Олар Маханжар, Тұздыкөл-2, Дүзбай-1-4,
Сор-2, Бестамақ, Амангелді. Тобылда Алқау-2 тұрақтары.
Сондай-ақ, бұл заман ескерткiштерi Ертiс алабында Усть-Нарым, Пеньки,
Железинка тұрақтары белгілі. Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы Железинка
ауылының маңынан қазылып, зерттелген неолит кезіндегі мәйіт қабірдің ішінде
өртелген. Қабірге өлген адам денесімен бірге әртүрлі әшекей заттар, тас қарулар,
қыш ыдыстар, тамақ қойылған. Бұл заттар о дүниеге барғанда қажет болады деген
ойды білдірсе, ал өртеп қою отқа табынуды көрсетеді.
Каспий маңы өңірінен (кельтеминар және ойықты мәдениеті) 200-ге
жуық тұрақ зерттеліп, олардың 20 шақтысы қазылды. Сондай-ақ, Кельтеминар
мәдениеті Қазақстан мен Орта Азияның едәуір аумағын қамтиды Бұл кезеңнің
ескерткіштері: Виноградовка -2, Тельман-1, -10, Явленко селосының
маңындағы Қарлыға, Боголюбово, Виноградовка -10, -14, Жабай-Покровка -3
тұрақтары. Атырау облысынан табылған неолиттік тұрақтарды: шатпакөл,
Құлсары – 1-5, Шаңдыауыл, Қыземшек, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс,
Шаянды тұрақтары ерекше айта кетуге болады. Керамиклық ыдыстарда
«шырша», «ұсақ тарақша» өрнегі бейнеленген.
Неолит кезеңінде ірі қырғыштар мен пышақтар, шой балғалар пайда
болды. Керамика ыдыс көлемі 1-5 л шамасында жарты жұмыртқа түрінде
болған. Оның сырты тарақ тәрізді қалыппен безендірілген.
Неолит дәуірін энеолит - тас-мыс дәуірі алмастырды, ол б.з.б. 3
мыңжылдық пен 2 мыңжылдықтың бас кезін қамтиды. Бұл дәуірде тас
индустриясы кері кете қойған жоқ, керісінше бұрынғысынан да жоғары деңгейге
көтерілді. Мыс-тас заманының өзіне тән төрт белгісі бар: 1. Атты қолға үйрету
және жылқы шаруашылығының пайда болуы (бұл сұраққа төменірек тоқталатын
боламыз); 2. Мыс құралдарының пайда болуы; 3. Саз балшықтан жасалған
үйлердің пайда болуы; 4. Сырланған ыдыстардың пайда болуы.
Археолог-ғалымдар тас дәуірінің дамуын 3 бағытпен сипаттайды:
Антропогенез – ежелгі адамның пайда болуы мен дамуы: «өнерлі адам -
хомо хабилус», «тік жүретін адам – хомо эректус», «ақылды адам – хомо
сапиенс».
Әлеуметтік генез – ежелгі қауымның даму жолдары: тобыр - көршілес
қауым, рулық қауым - отбасы.
Техногенез – еңбек құралдарының пайда болуы мен жетілдірілуі.
3. Біздің заманымыздан бұрынғы II мыңжылдықта мал және егіншілік
шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Ол Қазақстан
өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өзгеруіне әсерін тигізді. Мал
өсіруші тайпалар ірі бірлестіктер құрды. Бірлестіктер арасында әр түрлі
себептермен келіспеушіліктер туып, қарулы қақтығыстар орын алды. Қару енді
жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, тайпалар арасындағы қақтығыстарда
пайдаланылатын болды. Қару жасау металл өңдеу қажеттілігін туғызды.
Б.з.б II мыңжылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын
жасауды меңгерген. Қола мыс пен қалайының қорытпасы. Қола дәуіріндегі
экономиканың басты екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен
металлургияның дамуы өндіргіш күштерінің өсуіне, қоғамдық еңбектің
мамандануына, қоғамда еркектер рөлінің артуына алып келді. Жеке отбасылар
бөлініп оқшауланды, отбасылық меншік пайда болып, рулық қауым ішінде мүлік
теңсіздігі көрініс бере бастады.
Қола дәуірінің алғашқы кезеңіндегі қоныстардан табылған сүйектерге
қарағанда бұл кезеңде тайпалардың негізгі кәсібі үй маңында мал өсіру болған.
Мал шаруашылығымен қоса егіншілік дамыған. Олармен қатар әр түрлі
рудаларды өндіру, тас пен сүйекті пайдалану кеңінен орын алған. Оған Қазақстан
жерінде мыстың, қалайы мен алтынның бай кендерінің болуы қолайлы жағдай
жасаған. Адамдар малдың терісін өңдеп, жүнін түтіп, оны иіріп үстеріне киім етіп
киетін болды. Ұршық пен қарапайым тоқыма станогі пайда болды. Керамика
ыдыстарын жасау кеңінен дамыды. Адамдар жауынгерлік қарулар (найза, күрзі,
балға, балта, шот, қанжар) жасап, оларды үнемі жетілдіріп отырған. Артық
заттарды айырбастау орын алған.

4. Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ


далаларын тегі мен тарихи тағдырлары ортақ туыс тайпалар мекендеп, олар бір
үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет ескерткіштерін қалдырды. Олар қалдырған
ескерткіштердің табылған жері Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы
Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде "Андронов мәдениеті" деп
аталды. Бұл ескерткішті алғаш рет 1914 жылы археолог-ғалым А.Я.Тугаринов
ашты.
Зерттеушілер андронов мәдениетінің өмір сүрген уақытын үш кезеңге
бөліп, оларға шартты түрде мынадай аттар береді: Федоров кезеңі (ерте қола) —
б.з.б. ХVІІІ-ХVІ ғасырлар, Алакөл кезеңі (орта қола) — б.з.б. ХV-ХІІ ғасырлар,
Замараев кезеңі (соңғы қола) - б.з.б. XII - VIII ғасырлар. Қазақстан аумағындағы
андронов мәдениетін зерттеуде және оны дәуірге бөлу мәселелері жөнінде
Ә.Марғұлан, А.Оразбаев және т.б. еңбектерін атап өткен жөн.
Андронов мәдениетінің Қазақстан аумағындағы негізгі орталығы – Орталық
Қазақстан болғандығын осы аймақтан табылған археологиялық материалдар
айғақтайды. Бұл аймақтан осы мәдениеттің отыздан астам қоныстары мен жүз
елуден астам қабірлері табылып зерттелді. Орталық Қазақстандағы Андронов
мәдениеті үш кезеңнен тұрады. Алғашқы - Нұра кезеңі, ортаңғы – Атасу кезеңі,
соңғысы – Беғазы-Дәндібай кезеңі. Нұра кезеңінің тайпаларында мәйітті өртеп
жерлеу ғұрпы басымырақ кездеседі, сонымен бірге, өлікті молаға салып жерлеу
ғұрпы да болған. Атасу дәуірінде өлгендер бүктетіліп бір қырыннан жерленді, кен
өндірісі едәуір дамыды. Беғазы-Дәндібай дәуірінде андрондық мәдениеттер
негізінен сақталғанымен, жаңа элементтердің пайда болуы көбірек кездеседі.
Олар негізінен тұрпаты ерекше бейіт тамдар, бүктетіліп жерлеумен қатар,
аяқтарын созып шалқасынан жерлеуі, домалақ ыдыстардың пайда болуы және
жер бетіндегі қабырғалы баспана үйлер және т.б.
Беғазы-Дәндібай мәдениеті дәуірінде отырықшылықтан жартылай көшпелі
және көшпелі тұрмысқа көшудің алғышарттары қалыптасты – олар ауа райының
күрт өзгеруі, құрғақшылықтың кеңінен етек жаюы және мал санының өсуі.
Бұл кезеңде рулық құрылыс ыдырап, одан жеке отбасылар бөлініп шығып,
мүлік теңсіздігі пайда бола бастаған. Осыған сай кедейлердің қабірлері
қарапайым болса, ал байлардың қабірлерінен алтын және қола заттар, өрнектелген
керамика ыдыстары табылған.
Қола дәуірінде алғашқы ру-тайпалар – арийлер мен турлар, хьона, т.б. пайда
болды. Олар туралы ирандық (фарси-парсы) Авеста (Абеста) кітабында құнды
мәліметтер сақталған! Сондай-ақ, алғашқы қалалық елді-мекендер пайда болды,
мәселен Батыс Қазақстан мен оңтүстік Орал аймағындағы Аркаим қаласы.
Қорытынды: металлургия саласы өркендеді, қолөнер дамып жетілдірілді,
қоғамның әлеуметтік жіктелуі және ақсүйектер (абыздар, әскери қолбасшылар-
рубасылар) мен қарапайым халық болып бөлінуі (қатардағы жауынгерлер-ру
мүшелері), рубасыларының беделінің өсуіне байланысты жаңа діни сенімдер
пайда болды, атап айтқанда ата-бабаларының аруағына табыну, мал
шарушылығының дамуына байланысты 4 түлік малды айрықша әспеттеу (Қамбар
ата, Шопан ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара), көшпелі тұрмыстық салттың негіздері
қаланды!

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:


1. Қазақстан тарихының кезеңдері: сипаттамасы мен ерекшеліктері
2. Ежелгі тас дәуірінің аумақтық ерекшеліктері, ескерткіштерінің
сипаттамасы
3. Қола дәуірінің қалыптасуының ерекшеліктері, шаруашылық, әлеуметтік
сипаттамасы
4. Қола дәуіріндегі материалдық және рухани мәдениеттің ерекшеліктері
мен дәстүрлері.

Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1 том. А.: Атамұра, 1996.
2. Мұратхан Қани. Қазақтың көне тарихы. / Дайындаған М. Қани. Алматы:
Жалын, 1993. - 400 б.
3. Оразақ Смағұлов, Айнагүл Смағұлова. Қазақ халқы және ата тегі:
Кешенді физикалық антропология анықтамаларына негізделген (ж.с. XX ғ. –
ж.с.д. XX ғ. дейін). Алматы: Арна, 2020. – 472 б.
4. Әлкей Марғұлан. Шығармалары. Алматы: Алатау, 2012.
5. Таймагамбетов Ж.К., Байгунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу
тарихы мен негізгі мәселелері). Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 266 б.
6. . Авеста. Ибранные гимны. Перевод И.М. Стеблина-Каменского.
Душанбе, 1990.

Дәріс 2. Атқа міну мәдениетінің генезисі


Дәрістің мақсаты -– әлемдік тарихта өзіндік орны бар көшпелі өркениеттің
пайда болуы мен даму жолдарын анықтау және Еуразияның тарихында елеулі із
қалдырған түркі дүниесіне жан-жақты тоқталып, түркі мемлекеттерініің өзара
ортақ байланысын талдау.
1. Көшпеліліктің қалыптасуының алғышарттары: табиғи-географиялық
және әлеуметтік-мәдени факторлар. Көшпелі шаруашылық түрлері.
2. Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы мен қоғамдық құрылысы.
3. Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуірінің археологиялық мәдениет
ескерткіштері.
4. Прото және ежелгі түріктердің мәдениет генезисі. Мемлекеттіліктің
қалыптасуының бастапқы кезеңі, Ұлы Дала аумағындағы көшпелі және
отырықшы мәдениеттің қалалануы мен өзара қатынастары (б.з.б. III – б.з. II ғғ)

1. Энеолиттік дәуір (тас-мыс) мал шаруашылығы басым дамыған далалық


өңірде маңызды рөл атқарды. Қазақстан даласындағы энеолит табиғи-
экологиялық ортаны игеруге байланысты болғандықтан адам ең оңай жолмен
жүре отырып, бейімделудің мүлде жаңа жолын таңдап алды. Бұл жолда атты
қолға үйрету және жылқы шаруашылығын дамыту арқылы соңғысы басымдыққа
ие болды. Бұл кезеңнің ең ірі және әлемге әйгілі археологиялық ескерткіш – Ботай
мәдениеті. Оның қалыптасуына неолиттік атбасар және маханжар мәдениетін
құраған тайпалар қатысты. Ботай қонысынан 158 тұрғын үйдің жұрты табылды.
Жүгеннің сүйек елементтері, кісенге арналған ілгектер жылқының қолға үйретіле
бастағанын дәлелдейді. Орасан көп мөлшердегі материалдың басым көпшілігі
жылқы сүйектері. Мәселен, Ботай қонысында 70 мың жылқының сүйегі табылды.
Жерлеу ғұрпы мен бірқатар символдық заттар тотемизмнің, бабаларға табынудың
болғанын көрсетеді. Туыстарын қоныс аумағындағы ескі тұрғын жайларға
жерлеп, жерленгендердің айналасына қабырғаларды жағалата жылқының бас
сүйектерін қойған. Сондай-ақ, тігін керек-жарақтарының арасында инелер,
тескіштер, біз бар.
Темірді пайдалануды үйрену, одан әртүрлі еңбек құралдарын жасау
өндіргіш күштердің даму қарқынын күшейте түсті. Қазақстан аумағын
мекендеген тайпалар санының өсуі мен өндірістің даму деңгейі арасында
теңсіздік пайда болды. Мал санының өсуі дәстүрлі шаруашылыққа айналды.
Адамдардың негізгі тұрмыс тіршілігі мен әл-ауқаты мал өнімдеріне
байланысты болғандықтан жаңа өндірістік қатынастар қажет болды. Бұл
жағдайдан шығудың сол кезде екі түрлі жолы бар еді. Біріншісі, егіс көлемін
бірнеше есе көбейту және мал басын одан әрі көбейте отырып, малдың қыстық
шөбін көбірек дайындау. Бірінші жолды таңдауға Қазақстан жерінің табиғаты мен
климаты сәйкес келмеді, яғни суармалы егіншілікті дамытуға суландыру жүйелері
жеткіліксіз болды және оны дамыту мүмкін болмады. Екіншісі, малды қысы-жазы
далада жаятын интенсивті көшпелі мал шаруашылығы еді.
Қазақстанның кең-байтақ жер аумағы мен табиғат ерекшеліктері де көшпелі
мал шаруашылығын өркендетуге ыңғайлы болатын. Еуразия далаларын
мекендеген тұрғындардың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, бұл ұлы далада тек
көшпелі өмірмен ғана тіршілік етуге болатындығы дәлелденген еді.
Б.з.б. бірінші мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында Қазақстанның кең
байтақ далалары мен шөлейт жерлерінде жартылай көшпелі мал шаруашылығы
шаруашылықтың басым және негізгі түрі болып орнықты.

2. Қолдарына көп мал жинаған бай-шонжарлар өз тайпаларымен бірге


жайылым жерлерді үнемі ауыстырып отырған, олар қоғамдағы ықпалды күшке
айнала отырып, далалық және шөлейт жерлерді интенсивті түрде игере бастаған.
Осы кезде мал және жайылым жерлер үшін тайпалар арасында жиі-жиі соғыстар
болды. Бұл соғыстардан әскер және тайпа басшылары байыды. Мүліктік
теңсіздіктің пайда болуы, қоғамның жіктелуі әртүрлі топтар арасындағы
қатынасты реттеуге қабілетті белгілі-бір күшті қажет етті. Мұндай күш мемлекет
болып табылды.
Сақ мемлекетінің саяси құрылысы әскери демократияға негізделді. Сақ
қоғамы ру-тайпалық негізде қалыптасты. Бүкіл елді тайпа мүшелері сайлаған
тайпа көсемі – патша (хан) басқарды және өз ішінен ханды сайлаған тайпа бірте-
бірте мемлекет билеуші тайпаға айналды, уақыт өте келе аталған тайпадан
билеуші әулет қалыптасты. Сақ қоғамының әлеуметтік құрылымында адамдардың
үш тобы ерекшеленді. Олар абыздар – жоғарылауазымыд діни қызметкерлер,
қолбасшылыр – рубасылары және қатардағы жауынгерлер - ру мүшелері
(малшылар). Сондай-ақ, сақ тайпаларында құлдар да болды, олардың қатарын
соғыстарда тұтқынға алынғандар толықтырды, олар үй шаруашылығында
пайдаланды, ер адамдар құл, әйел адамдар күң деп аталды. Бірақ сақ
тайпаларындағы құлдық ежелгі Римдегі классикалық құлдықтан өзгеше болды,
атап айтқанда құлдар қоғам мүшелері қатарына кірмесе де белгілі бір дәрежеде
еркін өмір сүрді, римдік құлдар сияқты үнемі қамауда ұсталмады, себепсіз
жазаланбады. Міне сондықтан да, мәселен көршілес мемлекеттердегі әртүрлі
топтағы адамдар, әлеуметтік құқықтары тапталған қылмыскерлер, шаруалар,
жауынгерлер, діни қызметкерлер сақтарға қашқан.

3. Қазақстан аумағындағы сақтар туралы мәліметтердің бір бөлігі


археологиялық зерттеу жұмыстары болып табылады. Бұлардың ең көбірек
зерттелгендері Жетісудағы Бесшатыр обалары мен Есік обасы, Шығыс
Қазақстандағы «Патша обалары» деп аталатын Шілікті аңғары мен Бұқтырма
өзенінің жағасы, Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетіне кіретін «мұртты
обалар», Батыс Қазақстандағы Сынтас және Бесоба қорымдары, Сырдарияның
төменгі бойындағы Шығыс Арал маңындағы Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен
жерлеу орындары. Бұлардың ішіндегі әлем жұртшылығына белгілі болғаны
«Есік» обасынан табылған «Алтын адам». Сақ заманының осындай құнды
ескерткіштері соңғы жылдары көптеп табылуда. Атап айтар болсақ, 1999 жылы
Атырау облысының, Жылой ауданындағы Аралтөбедегі қазба жұмыстары (бұл
жерде үш мәйітхана зерттелді), 2007 жылдың шілде айында Ә.Марғұлан атындағы
археология институты ұйымдастырған қазақ-француз-итальян біріккен
халықаралық экспедициясының, Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай
ауданындағы Берел қорымынан тапқан құнды дүниелері және Зайсан ауданы
Шілікті елді мекенінен тапқан «Шілікті алтын адамы». Археологиялық бұл
деректер Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі орасан зор кеңістікті
сақтардың мекендегенін және олардың мәдениеті мен өнерінің өркениет көшінен
кейін қалмағанын тағы да нақтылай түседі.

4. Б.з.б. ІV-ІІІ ғасырларда Қазақстанның жекелеген аудандары мен көршілес


аумақтарда біршама тұрақты және ірі саяси бірлестіктер құрылды. Бұл
бірлестіктер – сол кездегі Грек-Бактрия, Парфия, Қытай және Кушандар
империяларын да мойындатқан Үйсін (көне қытай тілінде Усунь Го – Үйсін
мемлекеті деген сөз) және Қаңлылар мемлекеттері болатын. Үйсін мемлекетінің
билеушісі «күнбек» деп аталды (қытайша «гуньмо»). Үйсіндер Қытаймен
дипломатиялық және туыстық қатынаста болды. Осы уақытта Жетісу аймағына
келген Қытай саяхатшысы Чжан Цзянь үйсіндер туралы алғашқы мәліметтерді
береді.
Үйсіндердің негізгі жері Іле алқабында болды, олардың батыс шекарасы Шу
мен Талас арқылы өтіп, Қаңлылармен шектесті. Шығысында хұндармен, яғни
хуннулармен ортақ шекара болды, ал оңтүстігінде олардың иелігі Ферғанамен
ұштасып жатты. Үйсіндердің астанасы Чигучен (Қызыл алқап қаласы) Ыстық
көлдің жағасына орналасты. Үйсіндер түріктекті болды, яғни олар түрік тілінде
сөйлеген.
Үйсін мемлекеті Қытаймен бірігіп Қанлы мемлекеті мен оның одақтасы
Хунну (Ғұн) мемлекетімен соғыстар жүргізіп тұрды, бірақ та жеңіліс тапты.
Хунну мемлекетінің билеушісінің тәңірқұт деген атағы болған (қытай тілінде:
«шаньюй»). Түріктілдес хунну тайпалары (мұсылмандық жазушылар
хуннуларды оғыздар деп атаған) қазіргі шығыс Қазақстан жерінде II ғасырдың
ортасында атауы қытайша сақталған Юэбань мемлекетін құрды, ол мемлекет V
ғасырда да өмір сүрді.
Үйсіндер дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштер – Қызыл Қайнар,
Өтеген, Қызылкене, Алтынемел, Талғар, Ақтас, Қалқан және т.б. қоныстар мен
бейіттер. Археологиялық материалдар үйсін тайпаларының жоғарғы мәдениеті
мен өнерінің болғандығын дәлелдейді. Табылған бұйымдар мен қару-жарақтар
жоғарғы көркемдік деңгейде жасалған. Сондай ескерткіштің бірі Қарғалыдан
табылған басқа киетін тәж тәрізді әшекейлі бас киім. Бас киімдегі бір-біріне қарап
тұрған қос қанатты тұлпарлар, олардың соңындағы аңдар мен адамдар, ұшып бара
жатқан аққулар, өсіп тұрған ағаш пен оның сәнді жапырақтары үйсіндердің
табиғат пен дүниеге деген көзқарастарын білдіреді.
Қаңлылар. Үйсіндерден батысқа қарай Талас, Сырдария өзені мен Қаратау
маңында және Орталық Қазақстанда б.з.б. ІІІ ғасырлардан бастап қаңлы
тайпалары мекендеді. Көне парсылардың, яғни ирандықтардың «Авеста» атты
кітабында қанлы тайпаларының Сырдария өзенінің жағасында орналасқан қала-
бекінісі Канг туралы құнды мағлұматтар сақталған, ал Қытай деректерінде бұл
жерлер «Кангюйлер елі» деп аталады. Б.з.б. ІІ ғасырда Қытай императоры Чжан
Цзяньды батыс елдеріне сауда елшілігіне жібереді. Ол өзі болған жерлер туралы
құнды мәліметтер қалдырады. Үйсіндермен қатар, олардың батысында тұрған
қаңлылар туралы да мәліметтер жазады. Қытай елшісінің мәліметтеріне қарағанда
қаңлылар елінде 600 мың адам, 120 мың әскер болған. Астанасы ретінде Битянь
қаласы аталады. Қаңлылар Ұлы Жібек жолының Сырдария бойымен жүретін
бөлігіндегі бағытын өз бақылауында ұстап тұруға ұмтылды. Сонымен қатар,
Қытай, Рим, Кавказ және Оңтүстік елдерімен сауда, экономикалық және саяси
байланыстар жасады.
Қанлы мемлекетінің билеушісі Хунну мемлекетінің тәңірқұты Шөжемен
(қытайша аты Чжи-Чжи) әскери одақ құрып Қытаймен біріккен Үйсін
мемлекетіне қарсы соғысты.
Қаңлылар түркі тілді халық болған. Қытайтанушы ғалым Бичуриннің
айтуына қарағанда көне замандарда қазақтарды қангиттер, яғни қанлылар деп
атаған көрінеді, бұл қазақ халқының көне халық екендігін көрсетсе керек, өйткені
қанлы тайпалары туралы қола дәуіріндегі уақиларды қамтыған Авеста кітабында
жазылған.
Қазақстанның кең байтақ жерінде отырықшылық және қала мәдениеті
дамуының ірі-ірі тарихи-мәдени аймақтары ежелден ерекшеленген. Солардың бірі
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағы болды. Ол бір жағынан Орта Азия, екінші
жағынан Орталық Қазақстан, Сібір мен Орал аралығындағы аумақты алып жатыр.
Қазақстанның оңтүстігі мен өзен алқаптары аумақтарында, яғни егіншілік
пен мал шаруашылығы жанасып жатқан өңірлерінде жер өңдеу мен мал
шаруашылығынығ, отырықшылық пен көшпеліліктің, қала мен даланың өзара
әсері мейлінше айқын көрінеді. Бұл алуан түрлі: саяси, экономикалық, мәдени,
этникалық өзара әсер болатын. Жалпы тұрғындардың отырықшы бөлігін де,
көшпелі бөлігін де қамтитын біртұтас шаруашылық жүйе, шаруашылық өмірдің
екі бағытының өзара тығыз байланысы орнады. Бұл шаруашылық бірліктің
бұзылуы көшпелілердің де, отырықшы жазиралардың тұрғындарын да асқан ауыр
зардаптарға ұшыратты. Айта кететін жайт, біртұтас этникалық қауымдастық
шеңберінде көшпелі малшылармен бірге малшылардың жартылай көшпелі және
жартылай отырықшы топтары болған.
VI-IX ғасырлар аралығында қала мәдениеті екі ауданда - Оңтүстік
Қазақстан мен Жетісу аймағында дамыды. Саяси жағынан аймақ түрік
әулеттеріне бағынды және реті бойынша Батыс Түрік, Түркеш және Қарлық
қанаттарының құрамына енді. Аталған кезеңде көшіп жүретін жер аумағы
шектеліп, көшу жолдары қалыптасады, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар
орнығып егіншілік пайда болады, отырықшы кедейлер тобы бөлініп, жекелеген ру
бөлімшілері отырықшылыққа көшеді. Мемлекеттік төрешілдік аппарат құрылып ,
ортақ тіл мен жазу қалыптасады, сауда және дипломатиялық байланыстар
дамиды. Осындай жағдайда әкімшілік орталығы ретінде де, қолөнер, сауда,
мәдениет орталығы ретінде де қалалар салына бастайды.
Отырықшы және қала тұрғындарының көшпелі және жартылай көшпелі
тұрғындармен өзара әсерінің әр түрлі жақтары болды. Отырықшы егіншілер мен
қала тұрғындарының ықпалымен бұрыңғы көшпелілер тез арада отырықшылыққа,
қала өміріне көшіп отырды. Отырықшылық-егіншілік тұрмыс салтының ықпалы
көшпелілердің де дамуын жеделдетті.
Мәдениет жөнінен бір біріне ықпал ету қырлары ауыс-түйіс, еліктеу,
үйрену, араласу сияқты құбылыстармен сипатталады. Мәселен, отырықшы
тұрғындар көшпелілерден қару-жарақ түрлерін, сәндік заттарды, қымбат тұратын
металдардан істелген ыдыстарды алған. Бірақ алдыңғы ортағасырлық қоғамның
әскери ақсүйектері құнды бұйымдармен алмаса отырып, көшпелілер бұл
бұйымдарға деген өз қажеттерін дамыған қала қолөнері болған жағдайда ғана
толық қанағаттандыра алатын еді. Сонымен, көшпелілердің, малшылардың
сұранымы қала қолөнерінің дамуын қажет етті, ал түрік қағандары қалалар
салыныуна мүдделі болды. Сонымен бірге, отырықшы өмірге көшкен көшпелілер
отырықшы тұрғындардан құрылыс ісінің, үй салудың дәстүрлерін үйренді, ал
түрік шонжарлары сарай кешендерін ттұрғызу және оларды безендіру үшін
отырықшы халық арасынан құрылысшылар шақырып алатын болса керек.
Түріктердің тапсырыстарымен соғды суретшілері түрік шонжарлары
құрылыстарының қабырғаларын ою-өрнекпен безендіріп ағаштан ғажайып өнер
туындыларын қалыптастырып отырған. Соғды құрылысшылары мен
суретшілерінің кәсіптік бірлестіктері ірі қалалық орталықтарда
қалыптасқанталғамдар мен сән-салтанат үлгілерін шет аймақтар мен түріктер
арасына таратып отырды. Қытай жібегіне, түріктердің қару-жарағына,
соғдылардың сәулет өнеріне, ою-өрнектері мен ағаштан түйін түюлеріне
құмарлық та содан шыққан.
Сонымен бірге, этникалық тұрғыдағы өзара әсер көшу, қоныс аударудың екі
түрімен – халықтардың Ұлы қоныс аударуы, соғдылардың қоныстануы,
түріктердің жаулап алуы сияқты халықтың үлкен топтарының араласуымен және
халықтың шағын топтары, уағызшылар, саудагерлер қоныс аударған шағын көші-
қондармен сипатталды. Бұл қоныс аударуға қоса жедел түрде этногенетикалық
үрдістер жүріп, олар сонымен бірге біріктіру сипатында да болды.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:


1. Көшпеліліктің қалыптасуының алғышарттары, ерекшеліктері мен тарихи
маңызы
2. Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы мен құрылысының
ерекшеліктері, дәстүрлері
3. Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуірінің археологиялық мәдениет
ескерткіштерінің сипаттамасы
4. Прототүріктердің Қазақ Даласындағы мемлекеттілік пен мәдениетінің
қалыптасуының үлгілері, ерекшеліктері, дәстүрлері, сабақтастығы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1 том. Алматы: Атамұра, 1996.
2. Мұратхан Қани. Қазақтың көне тарихы. / Дайындаған М. Қани. Алматы:
Жалын, 1993. - 400 б.
3. Әлкей Марғұлан. Шығармалары. Алматы: Алатау, 2012.
4. Сұлтан Жанболат. Ежелгі Ұлыс тарихы. Тарихи зерттеу. Алматы:
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 296
б.
5. Қойшығара Салғараұлы. Түрік әлемі. Тарихты қайта пайымдау. Астана:
Елорда, 2000. - 476 б.
6. Манаш Қабашұлы Қозыбайтегі. Ата тарихы туралы сыр // Қазақстан
Республикасы ұлттық ғылым академиясының хабарлары. 1993, № 1.

Дәріс 3. Қазақстан жеріндеғі түркі кезеңіндегі көшпелі мемлекеттік


және мәдени дәстүрлердің дамуы
Дәрістің мақсаты -– Қазақстан тарихының түркі кезеңіндегі көшпелі
мемлекеттік және мәдени дәстүрлердің дамуын жан-жақты талдау.
1. Түркілердің шығу тегі туралы ауызша және жазба деректер.
2. Қазақстан жеріндеғі түркі мемлекеттері.
3. Түркі қоғамының әлеуметтік құрылымының ерекшеліктері.
4. Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы: көшпелілер және
отырықшылардың екі шаруашылық-мәдени үлгілерінің («қала-дала» жүйесі)
өзара қарым-қатынасы

1. Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (II-V ғғ.) Қазақстанның, Орта Азия
мен Шығыс Еуропаның этникалық құрамын және саяси өмірін едәуір дәрежеде
өзгертті. Осыдан кейін, VІ ғасырдан бастап түріктілдес хунну (ғұн) тайпаларының
Еуразия даласында үстемдік құруымен «түркі дәуірі» немесе ерте орта ғасырлар
кезеңі басталды (VI-IX ғғ.). Алғашқы болып бүкіл Еуразия құрылығы аумағын
қамтыған Түрік қағанаты құрылды (552 – 744-745 жылдар). Атап айтқанда,
Алтай таулары аумағында құрылған 4-тайпалық одаққа түріктер (билеуші
әулеттің негізін салушы Ашина руы), қыпшақтар, ұйғырлар (оғыздар) және
қырғыздар бірігіп саяси одақ – Түрік қағанатын құрды. Мемлекеттің аумағы Қиыр
Шығыстағы Корей бұғазынан бастап (Тынық мұхиты жағалауы) Қара теңізге
дейінгі жерлерді түгел қамтыды;
«Түрік» атауы алғаш рет Қытай жылнамаларында 542 жылы кездеседі
(қытайлықтар оларды «туцзюэ» деп атаған) және көне қытайлықтар түріктерді
хуннулардың, яғни ғұндардың ұрпақтары деп санаған.
Түріктердің шығу тегі туралы ауызша деректер – екі нұсқасы бар
аңыздарды қытайлықтар VI ғасырда түріктердің өздерінен жазып алған еді.
Аңызға сәйкес түріктер өздерін хуннулардың бекзадасы мен қаншық қасқырдан
таратады.
Аңызда түріктердің (болашақ Ашина руы) ата-бабаларын жау шабады,
шайқастан кейін он жасар бала ғана аман қалады. Бірақ жау баланың аяқ-қолын
шауып ең далада тастап кетеді. Ол баланы қаншық қасқыр асырап алып кейіннен
оның әйелі болады. Жаудан аман қалу үшін қаншық қасқыр Турфан тауларына
(қазіргі Қытайдың қазақтар мен ұйғырлар тұратын Шыңжан-Ұйғыр автономиялық
ауданы) қашып бір үңгірде жасырынады да он ұл туады. Ер жеткеннен кейін олар
жергілікті тұрғындар, ирантілдес соғдылық әйелдерге үйленеді. Олардың
біреуінен туған Ашина есімді қаншық қасқырдың немересі өзі бастауында болған
руға билеуші болып рудың аты Ашина руы аталады. Кейіннен Ашинаның
бастауымен ру мүшелері Алтай тауларына қоныс аударып ол жерде жергілікті
түріктілдес тайпалармен бірігіп (қыпшақтармен, ұйғырлармен, қырғыздармен)
одақ құрады (4-тайпалық одақ) да енді өздерін жаңа атаумен «түрік» деп атай
бастайды. Кейіннен сөздің мағынасы ұлғайып түріктердің көршілері билік етуші
руға (Ашина-түріктерге) бағынышты ру-тайпаларды да «түріктер» деп атап
кеткен.
Түріктердің шығу тегі туралы жазба деректерге олардың тастан жасалған
және тасқа қашалған ескерткіштері жатады. Түріктердің алғашқы жазба
ескерткіші ш.а. 582-583 жылдары Таспара қағанның құрметіне қойылған және
1968 жылы қазіргі Моңғолия мемлекеті жерінен табылған Бугут жазба ескерткіші
болып табылады, онда қаншық қасқырдың қасында 2 аяғы мен 2 қолы жоқ ұл
баланың суреті бейнеленген. Сондай-ақ, бұл қатарға 716 жылдары Түрік
қағандарының кеңесшісі Тоныкөктің құрметіне қойылған және 732-735 жылдары
Білге қаған, мен оның інісі атақты қолбасшы Күлтегінге арнап қойылған 2
ескерткішті жатқызуға болады.
Айрықша атап айтуды қажет ететін жайт, егер бірінші тас ескерткішінде
сурет ғана бейнеленсе, қалған екі ескерткіште түріктердің өздерінің төл жазуымен
жазылған Түрік қағандарының және олардың кеңесшісі қызметін атқарған
Тоныкөктің өз халқына және болашақ ұрпаққа жазған хаттары мен жолдаулары
сақталған. Түріктердің төл жазуы, яғни әліпбиі сына немесе руникалық жазу
деп аталады. Олар қазіргі Моңғолия мемлекеті жеріндегі Орхон өзені мен Сібір
аймағындағы Енесай өзені, сондай-ақ Талас өзені бойынан табылғандықтан
Орхон-Енесай және Талас жазулары деп аталады. Енесай өзені алқабындағы
тастағы жазуларды 1720 жылдары неміс ғалымы Мессершмидт, ал Моңғолия
жеріндегі Орхон өзені алқабындағы тастағы жазуларды 1889 жылы орыс ғалымы
Н. Ядринцев ашты. Ал енді жазылардың алғашқы болып сырын ашып оқыған
даниялық ғалым В. Томсен мен орыс ғалымы В. Радлов болды.

2. Батыс түрік қағанаты (603-704 жж.) – Шығыс Түркістан мен қазіргі


Қазақстан аумағын және Орта Азияның бір бөлігін қамтыған мемлекет болды,
оны да Түрік қағандығын құрған Ашина руы басқарды. Мемлекеттің орталығы
Жетісу аймағындағы Суяб қаласы болды.
Түркі тайпаларының алғашқы легі Қазақстан мен Орта Азияның көп
бөлігін мекендеп қалса, кейінгі тобы Иран мен Кавқаз тауларына (қазіргі
Әзірбайжан мемлекеті және Дағыстан мемлекеті мен Кавқаздағы тұріктілдес
ұлттар: ноғайлар, құмықтар, қарашайлылар, балқарлар), Қара теңіз жағалауына,
ХІ ғасырда түрікмендердің бір бөлегі Кіші Азияға (қазіргі Түркияға) қоныс
аударды. Осылайша қазіргі түркітілдес мемлекеттердің негізі қаланды.
Мемлекеттің этникалық саяси өзегі «он тайпа» (он оқ будун, яғни «бодан»)
болды. Жоғарғы лауазымдар - жабғы, шад және елтебер - қаған әулетіне берілді.
Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Қағандықтың негізгі халқы
мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болған, оларды «қара будун-қара халық»
деп атаған. Қалаларда сауда-саттық кеңінен өрістеді.
Батыс Түрік қағандығындағы он алты жылға созылған тайпалар арасындағы
соғыс мемлекетті әлсіретеді. Осыны пайдаланған Тан империясының әскері VII
ғасырдың ортасында Жетісуды басып алып, бұл жерде таққа өз адамын
отырғызады. Түріктер Тан империясына қарсы үздіксіз күрес жүргізіп, ақыры 704
жылы ол күрес Батыс Түрік қағандығында түркеш руының жеңісімен және таққа
отыруымен аяқталады.
Түргеш қағанаты (704-766 жж.) орталығы Жетісуда болған Батыс Түрік
қағанатының жерлерін иемденеді. Түргеш кезеңі Орта Азия жеріне арабтардың
әскери шабуылымен және осы аймақтағы отырықшы халықтың исламдануының
басталуымен сипатталады. Үш-Елік қаған түркеш әулетінің негізін салушы
болды. Ол Шаштан (Ташкент) бастап, Тұрфан мен Бесбалыққа дейін көсіліп
жатқан байтақ жерде өз өкіметін орнатты. Астанасы Суяб қаласында, ал екінші
ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында орналасты. Үш-Елік қаған елді
20 бөлікке бөліп, оның әрқайсында 7 мың әскер ұстады. 706 жылы Үш - Елік
қаған қайтыс болып, оның орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) таққа
отырады. Сақал қаған тұсында мемлекет ішінде бірлік болмайды. Түркеш
қағандығы Сұлу қаған (715-738 жж.) билікке келгеннен кейін барып қайта
күшейді. Сұлу арабтарға қарсы батыл күрес жүргізгеді, сол үшін арабтар оны Абу
Мүзахим (Сүзеген) деп атайды.
751 жылы Тараз маңындағы Атлах қаласының жанында қытай мен араб
әскерлерінің арасында үлкен шайқас болады. Шешуші сәтте қытайлардың қол
астындағы түркештер мен 746 жылдары Түрік қағандығы құлағаннан кейін (744-
745 жж.) Алтайдан ауып келген қарлұқтар арабтар әскеріне көмекке келіп шайқас
араб әскеррінің жеңісімен аяқталады. Атлах түбіндегі жеңістің Орта Азия
халықтары үшін үлкен тарихи маңызы болды. Қытай әскері жергілікті
халықтардың қысымына шыдамай Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістанды да
тастап кетуге мәжбүр болады. Арабтар да Талас алқабында тұрақтай алмай,
Шашқа шегініп кетеді.
Түркеш мемлекетін және кейіннен қарлықтардың қол астына бірігіп
Түркеш-Қарлық саяси одағын қазақ ғалымдары алғашқы Қазақ мемлекеті деп
санайды, қазақ шежіресінде түркеш руы сары үйсін деп аталады. Оған дәлел,
қағандардың шыққан рулары «түркеш» пен «шеп» рулары бүгінде қазақ
халқының құрамында бар, атап айтқанда түркеш руы дулаттың ішінде, шеп руы
керей руының ішінде сақталған.
Қарлұқ қағанаты (766-940 жж.). Қарлұқтар туралы «бұлақ» деген атпен
мәлім болған алғашқы деректер V ғасырға жатады. Ежелгі Орхон-Енесай жазба
тас ескерткіштерінде олар «үш қарлұқ» деген атаумен әйгілі болған және Алтай
тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс еткен. VII ғасырдың
ортасында Қарлұқ бірлестігінің құрамына үш тайпа - бұлақ, шігіл және ташлық
кірген. Қазақ ғалымдары бұлардың ішіндегі біріншісін «болат қарлықтар» -
бүгінгі арғын тайпасының ішіндегі «Алтай-қарпық» руы деп есептейді. Қарлұқ
тайпаларының көсемдері Елтебер деп аталған.
Ш.а. 746 жылдары жоғарыда айтылғандай қарлық тайпалары Алтай
тауларынан Жетісуға, түркештерге қоныс аударып Түркеш-Қарлық одағын
құрады. Қарлұқ билеушілері 775 жылы ислам дінін қабылдайды.
Қарахан мемлекеті (940-1130 жж.) – Орта Азия мен Шығыс Түркістан
аймағындағы қуатты түркі мемлекеті, оның негізін салу шы болып Сатұқ Боғра
хан есептеледі, ол 840 жылы Қарлықтардың жетекшісі, Испиджаб қаласының
билеушісі Білге Күл Қадыр хан қаған атағын қабылдап сол арқылы жоғарғы
өкіметті алуға қақысы барын мәлімдеді. Ол өлгеннен кейін оның екі баласы
суырылып шықты. Базыр Арслан хан Баласағұнды, ал Оғұлшақ Қадыр хан
Таразды билей бастады. Таразды саманилік (ирандық Саманид әулеті) 893 жылы
басып алғаннан кейін Оғұлшақ аз уаытта Қашғарга баруға мәжбүр болса керек,
одан 904 жылы ол Саманилер иелігіне шабуыл жасады. Оғұлшақтың немере інісі
Саптұқ Боғра ханды Қарахан әулетінің негізін салушы есептейді. Сатұқ Боғра
ханның баласы Мұса 960 жылы мемлекеттің діні ислам деп жариялады.
Қарахан мемлекетінде мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығы,
сондай-ақ отырықшы тайпалардың мәдениеті мен қалалар айрықша қарқынды
дамыды. Мәселен, икта деп аталатын шаруашылық салығы кең көлемде таралды.
Қарахан мемлекеті Мауеранахрды иелену үшін (қазіргі Өзбекстан жерлері)
біріккен Саманилер мен Селжүктермен кескілескен соғыстар жүргізді, ақыры
аталған аймақ Қарахандар мен тағы бір түркі мемлекеті – Газневилер арасында
бөліске түсті. 1005 жылы Мауеранахр Қарахандар қолына түпкілікті көшті және
Қарахан мемлекетінің шеқарасы батыста Мауеранахрдағы Испиджаб қаласынан,
ал шығыста Шығыс Түркістандағы Қашғар қаласына дейінгі жерлерді алып
жатты. Ибраһим ибн Насырдың тұсында Қарахан мемлекеті екі дербес қағанатқа -
Шығыс және Батыс қағанаттарына түпкілікті бөлініп тынды, ал екі қағанаттың
шеқарасы Сырдария өзенінің бойымен өтті. Қарахан мемлекетінің құлауына ұлы
Селжүктер әулетінің шабуылдары және ең бастысы, қарақытай тайпаларының
қиыр шығыстан мұсылмандық қарахандарға қарсы жасаған шапқыншылықтары
ықпал жасады. Ш.а. 1130 жылы Жетісу аймағында қарақытайлардың қытайша
атауымен тарихқа әйгілі Ляо мемлекеті пайда болды (1130-1210 жж.).
Оғыз мемлекеті. Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында,
Сырдарияның орта және төменгі бойларында, Батыс Қазақстан далаларында ІХ-Х
ғғ. Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты.
Оғыздардың ата-бабаларының алғашқы қоныстанған жерлері Ыстықкөлдің
маңы. VIII ғ. ортасында Батыс түрік және Түргеш қағанаттары құлап,
қарлұқтардың қысымымен оғыздар Сырдария бойына келіп қоныстанады.
Жергілікті тайпалармен одақтасып, печенегтерге қарсы соғысып, олардан әуелі
Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал өңірін, кейін Орал мен Еділ өзендерінің
аралығын алады. Печенегтермен соғыс барысында оғыз тайпаларының саяси
бірлігі нығайып, оның құрамына осы өңірді ежелден мекендеп келе жатқан
көшпелі және жартылай көшпелі рулар мен тайпалар енеді. Махмұд Қашғари
оғыз елінің 22 тайпаға бөлінгенін және әр тайпаның өз белгісі мен туы болғанын
айтады.
X ғасырда оғыздардың астанасы Орта Азияға, Шығыс Еуропа мен Орталық
Азияға апаратын маңызды сауда жолының түйіскен жерінде орналасқан Янгикент
(Жаңа Гузия) қаласы болды. Мемлекет басшысы жабғу атағын иеленді. Билік
атадан балаға мұра болып қалып отырды. Жабғу орынбасарлары "күл-еркін",
әскер басшысы "сюбашы" деп аталды. Оғыздар путқа табынды, шамандарға сенді.
Кейін біртіндеп ислам діні ене бастады.
Оғыздар 965 ж. Киев Русімен одақтасып Хазар қағанатын, 985 ж. Еділ
Булгариясын күйрете жеңді. ХІ ғасырдың басында Оғыз мемлекеті құлдырай
бастады. Оған ауыр алым-салықтарды жинауға наразылық білдірген оғыз
тайпаларының көтерілісі себеп болды. Ішкі қайшылықтардан әлсіреген Оғыз
мемлекеті қыпшақ тайпаларының қысымына шыдамай құлайды.
Қыпшақ хандығы (ХІ-ХІІІғғ.)- қазіргі Қазақстанның Шығысындағы
Алтай мен Ертістен бастап, батысындағы Еділ мен Оңтүстік Оралға дейін,
Оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі Оңтүстік-батыс Сібірдің орманды
дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанады. Орыс
жылнамаларында қыпшақтарды половцы деп атаса, византиялық авторлар оларды
кумандар деп жазады. Қыпшақ одағының үш түрі белгілі, олар: қазақстандық
(Дешті Қыпшақ), оңтүстік-орыс, солтүстік-кавказдық. ХІ-ХІІ ғғ. қыпшақтар
кейінгі түркі дәуіріндегі халықаралық оқиғаларда маңызды рөл атқарды. Тарихта
қыпшақтан шыққан Бейбарыс сұлтан басқарған мамлюктер мемлекеті де белгілі.
Олар ұзақ уақыт бойы Алдыңғы Азияда билік етіп крест жорықтарына тосқауыл
болды.
Қарақытай мемлекеті (қытайша: Ляо мемлекеті) (1128-1213).
Қарақытайлар мемлекетінің негізін қалаушылар Орта Азиядағы моңғол тілдес
қидан тайпалары. Олар Қытайдың солтүстігінде, Маньчжурия мен Уссури өлкесі
аймағында өмір сүрді. 924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейінгі өлке қидан
мемлекетінің (Ляо империясының) қол астына қарайды. Қидандардың билеушісі
Солтүстік Қытайда тұрды.
1125 жылы Ляо империясы Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекеттерінің
біріккен күшінен жеңіліп, Елу Дашы басқарған қидандардың бір бөлігі батысқа -
Жетісуға қарай қоныс аударады. Қоныс аударып келген қидандар алғашқыда
жергілікті түркі тілдес халықпен бейбіт қарым-қатынас жасап, қарақытайлар деп
аталып кетті. Шамалы уақыттан кейін Елу Дашы Баласағұн билеушісін құлатып,
Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Осыдан кейін олар Шу мен Талас бойындағы
қаңлыларды, Шығыс Түркістанды, Бұхарды, Орталық Мауреннахрды
бағындырып, Хорезм шахын өздеріне алым-салық төлеп тұруға мәжбүр етеді.
Қарақытай мемлекетінің басшысы Гурхан (хандардың ханы) деп аталды.
Астанасы Баласағұн қаласы. Қарақытайлар жергілікті тұрғындарға жылдан-жылға
алым-салықты көбейтіп, ислам дініне тыйым салды. Осыған байланысты
Жетісуда қарақытайларға қарсы мұсылман қозғалысы кеңінен етек алады.
Қолайлы жағдайда пайдаланған наймандардың ханы Күшлік қарақытайлардан
Жетісудағы билікті тартып алады.
Найман ұлысы. Қазақстан жеріндегі ертедегі тайпалардың бірі. VIII
ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында найман тайпалар
одағы (түрікше "сегіз тайпа одағы") пайда болып, Хангайдан Тарбағатайға дейінгі
жерлерді алып жатты. Х-ХІІ ғасырларда найман одағы мемлекет дәрежесіне дейін
көтеріледі. Найман одағы хандар басқарған бірнеше ұлыстардан тұрды. XII
гасырдың аяғы- XIII ғасырдың басында наймандар моңғолдардан бірнеше
қатарынан жеңіліп, бір бөлігі Алтайдан Жетісуға қоныс аударды. Күшлік ханның
басқаруымен Жетісуға келген наймандар 1213 ж. қара қытайлардың мемлекетін
құлатып, билікті өз қолдарына алады.
Керей хандығы. X ғасырдың басында Алтайда мекендеген керейлердің
этникалық одағы түркі тілдес және монғол тілдес тайпалардан құралған. Керей
мемлекетінің солтүстік астанасы Орхон өзеніндегі Қатын балық қаласында, ал
оңтүстіктегі астанасы Хуанхэ өзенінің солтүстік жағалауында орналасты. 1007 ж.
керейлер мен наймандар нестроиандық бағыттағы христиан дінін қабылдайды.
XII ғасырдың екінші жартысында Керейттер ұлысы солтүстікте - Селенга өзенінің
жоғарғы ағысынан оңтүстікте - Хуанхэ өзеніне дейінгі, батыста - Хангай тауынан
шығыста - Халкин Голге дейінгі жерлерді жайлаған.
Керейлер мен наймандар әлеуметтік-саяси дамудың бір деңгейінде тұрған.
Мемлекет ұлыстардан тұрды. Ал ұлыстар болса, хандар әулеті бастаған бүкіл
этносты біріктіріп, рулық-тайпалық институт атаулының бәрінен де жоғары
тұрған.

3. Түркі қоғамының әлеуметтік құрылымының ерекшеліктері


Түркі қоғамында жоғарғы билеуші – қағаннан кейінгі екінші адам ұлық
болған, сонымен бірге жоғарғы лауазымдар – ябғу (жабғу). Шад және елтебер
қаған руының өкілдеріне тиесілі еді, оларды қаған бағынышты тайпаларды
билейтін лауазымдарға қойған. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар
атқарды. Бектер – тайпа бастықтары – жергілікті жерлердегі ақсүйектер тобының
басты тірегі болған.
Сонымен бірге, түрік қоғамы ақсүйек және қарапайым ру-тайплар болып
бөлінді (мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері - қара бұдун, немесе бұқара
халық). Негізі, алғашқы Түрік қағанатынан бастап (мемлекеттің негізін қалаған 4
тайпа болғанын жоғарыда айтқан болатынбыз) кейінгі орта ғасырлардағы (XV-
XVI ғғ.) Қасым, Қырым, Аштархан, Қазан, Сібір хандықтарында да мемлекетті
ханмен бірге 4 тайпаның өкілдері басқарған болатын (оларды қарашы-карачи
немесе уәзір деп атаған, бұлар: арғын, қыпшақ, барын, шырын тайпалары еді).
Қатардағы тайпаларға жүктелген басты міндеткерліктердің бірі әскери
міндеткерлік болғаны белгілі (басқаша айтқанда «қанмен төлейтін салық»), бұл
міндеткерлік бойынша барлық тайпалардың жауынгер-еркектері тайпа көсемі
әскерінің құрамына кіреді. Сондай-ақ, түрік қоғамына кірмейтін топтар да болған,
мәселен құлдар тобы. Түріктердің көршілес тайпаларға шапқыншылық
жасағандағы мақсаттарының бірі құлдар алу болған. Әдетте ұлдар мен қыздарды
алған. Мысалы, түріктің Баһадүр қағанының 620 жылы бірнеше мың қыз баланы
тұтқынға алғаны мәлім. Құл еңбегін пайдаланудың негізгі түрі үйдегі, яғни
отбасындағы құлдық деп есептеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, тәуелділердің тағы бір өкілдері болды. Білге қаған
ескерткішінің жазуларында бектерге және халыққа арналған мынадай сөздер бар:
«менің шын жүректен шыққан сөзімді... он жебе ұлдарына және олардың
таттарына жеткізіңдер». Ертедегі Түрік жазуларында таттар деп Батыс түріктеріне
тәуелді Жетісу аума,ындағы отырықшы қоныстар мен қалалардың соғды тілдес
тұрғындары айтылатын болуы керек, түрік қағандарына бағынышты болған бұлар
саудамен де, ауыл шаруашылығымен де шұғылданған. Айрықша атап айтуды
қажет ететін тағы бір маңызды нәрсе мынау: Батыс Түрік қағанатында Шығыс
Түрік қағанатында сияқты қаған шексіз билікке ие болмаған, ол рубасылары-
бектердің пікірімен санасып отырған, былайынша айтқанда олардың қағанға
ықпалы күшті болды, бұл дәстүр кейінгі Қазақ хандығында айқын көрініс тапты.

4. Көшпелілер («қала-дала» жүйесі) және отырықшылар: екі шаруашылық-


мәдени типтерінің өзара қарым-қатынасы
Б.з.б. I мыңжылдықтың орта шенінде «Дала жолы» жандана бастады. Егер
грек тарихшысы Геродоттың суреттеуіне ден қойсақ, оның мынадай бағыты
айқын болады: ол Қара теңіз өңірінен Дон жағалауына, содан соң Оңтүстік Орал
өңіріндегі сарматтар жеріне, Ертіске қарай, одан әрі Алтайға, жоғарғы Ертіс пен
Зайсан көлі маңын мекендеген аргиппейлер еліне шыққан. Бұл жолмен аң және
мал терілері, Иран кілемдері, қымбат бағалы металдардан жасалған бұйымдар
таралған. Б.з.б. VI ғасырда Қытай жібегі басқа елдерге, соның ішінде Батысқа да
шығарыла бастаған. Алтайдағы Пазырық «патшалық» обаларының біреуінен
феникс құсы кестеленген жібек көрпе табылды. Оңтүстік және Батыс Еуропа
аудандарында б.з.б. VI ғасырдағы қабірлерден жүннен жасалған бұйымдарға
тігілген жібек маталар мен шашақтар шықты.
Б.з.б. I ғасырдың ортасында «Жібек жолы» тұрақты дипломатиялық және
сауда жолы ретінде пайдаланыла бастайды. Ал бәрі 138 жылы император У-ди
Батыстың беймәлім елдеріне жіберген Чжан Цзяньға ерген елші керуені Хань
астанасынан шыққан кезде басталған еді. Чжан Цзянь 13 жылдан кейін қайтып
оралды. Ол қазіргі Ауғанстан аудандарына дейін жетіп, Қытайдың ішкі
аудандарынан Орталық Азияға бірінші болып тура жолмен жүріп өтті. Осының
ізінше Батысқа жібек артқан керуендер аттанып, ал Қытайға Жерорта теңізі
жағасынан Таяу Шығыстан, Орта Азиядан товарлар әкеліне бастады. Көп
кешікпей халықаралық сауда Орта Азиядағы Зеравшан және Қашқадария
аңғарларында орналасқан ел – Соғдыдан шыққан саудагерлердің қолына көшті.
Соғдылардың Шығыс Түркістандағы «Тохарлық» қалаларда,Қытайдың Ланьчжоу,
Дунхуан, Чаньян қалаларында сауда орталықтары болды, сондайақ олар
Жапонияға өткен, Жібек жолы жапондардың ертедегі астанасы Нараға жетіп
аяқталған. Қазақстанның батысын Қиыр Шығыспен, Амур бойымен керуен
жолдары байланыстырып жатты. «Бұлғын жолы» дейтін жол белгілі, ол арқылы
Византияның, Иранның, Түрік қағанаттары мен Соғды патшалықтарының Бохай
мемлекеттерімен және Жапониямен байланыстары жүзеге асырылған.
Жібек жолының бойында үлкен де бай қалалар тұрды, атап айтқанда Тараз,
Түркістан, Сауран, Сайрам, Шаш (Ташкент). Құлан, Мерке.
Отырықшы және көшпелі мәдениеттердің өзара әсері мен бір бірін байытуы
дүниежүзілік жанданудың сара жолы болды. Мұндай кірігудің қойнауында
өркениеттің Қазақстан мен Орта Азия халықтары жасаған көптеген жетістіктері,
сондай-ақ оны мекендейтін халықтар этногенезінің бастаулары жатыр. Мәселен,
б.з.б. VI-III ғасырларда мұнда сақтардың көшпелі және жартылай көшпелі
тайпалары мекендеді, олардың жоғары мәдениеті бар, атап айтқанда Бесшатыр,
Есік, Түгіскен, Ұйғарақ қорымдары.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:


1. Түркілердің шығу тегі туралы ауызша және жазба деректердің Қазақ
тарихына байланысты ерекшеліктері
2. Қазақстан жеріндеғі түркі мемлекеттерінің ерекшеліктері, саяси-мәдени
дәстүрлері, сабақтастығы
3. Түркі қоғамының әлеуметтік құрылымының ерекшеліктері
4. Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолының көшпелілер мен
отырықшылар үшін маңызы.

Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1 том. Алматы: Атамұра, 1996.
2. Мұратхан Қани. Қазақтың көне тарихы. / Дайындаған М. Қани. Алматы:
Жалын, 1993. - 400 б.
3. Әлкей Марғұлан. Шығармалары. Алматы: Алатау, 2012.
4. Л.Н. Гумилев. Көне түріктер. Москва: Т-во «Клышников-Комаров и К»,
1993.
5. Ислам Қабышұлы. Тұран әлемі. Алматы: Санат, 2007.
6. Манаш Қабашұлы Қозыбайтегі. Ата тарихы туралы сыр // Қазақстан
Республикасы ұлттық ғылым академиясының хабарлары. 1993, № 1

Дәріс 4. Ұлы Дала Алтын Ордалық кезеңде (XIII-XV ғғ.).


Дәрістің мақсаты – Қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуында
ерекше орын алған түрік-моңғол кезеңіндегі мемлекеттерге сипаттама беру
1. Еуразия империясы ретінде Алтын Орданың құрылуы: жер
аумағы, этникалық үрдістер, мәдени өзара байланыс.
2. Қазақстан жеріндеғі этносаяси мемлекеттер (Ақ Орда, Моғолстан, Өзбек
хандығы, Ноғай Ордасы): жер аумағы, этникалық құрамы және саяси тарихы.
3. Алтын Орда дәуірінің мәдени-өркениеттік мұрасы

1. Түрік-Моңғол (Моғол) тайпаларының бірігуі ХІІ ғасырдың соңы мен XIIІ


ғасырдың басында жүрді. Боржигин-қият руынан шыққан Есукейдің ұлы
Теміршын (аты аңызға айналған Шыңғыс хан) алдымен көрші жатқан керей
(керейіт), меркіт, найман, қонырат, жалайыр тайпаларын бағындырады. Қуатты
Керей Ұлысының билеушісі Тұғырыл ханнан қолдау тапқан Теміршын күшейіп,
көптеген тайпалар оның маңына топтасады.
1206 жылы Теміршын түрік мемлекеттерінің дәстүрі бойынша ақ киізге
көтеріліп бүкіл түрік-моңғол тайпаларының ханы болып сайланып Шыңғыс хан
деген атаққа ие болады, дәл осы жылы тарих сахнасына Түрік-Моңғол мемлекеті
деген атаумен жаңа мемлекет пайда болады.
1219 жылдың қыркүйек айында Шыңғыс хан мен оның ұлдары
әскерлерімен Ертіс өзені бойынан (қазіргі шығыс Қазақстан) жорыққа аттанады,
нәтижесінде 1224 жылдың күз айында Шыңғыс хан әскері Ертіс өзені аумағына
оралады және Қазақстан мен Орта Азия аумағы (қыпшақтардың жері) Шыңғыс
хан мемлекетінің құрамына енеді. Жорықтан жеңіспен оралғаннан кейін Шыңғыс
хан бұл жерлерді 3 ұлына үлес етіп бөліп береді.
Үлкен ұлы Жошыға Қазақстан аумағының басым бөлегі, Ертістен Еділ
өзеніне (қазіргі Волга өзені) дейінгі жерлер, Амударияның төменгі аудандары мен
солтүстік Хорезм, екінші ұлы Шағатайға - Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс
Қазақстан, Шығыс Түрікстан мен Мауераннахр жерлері (Сырдария мен Амудария
өзендерінің аралығы), үшінші ұлы Үгедейге қазіргі солтүстік-шығыс Қазақстан
мен Батыс Моңғолия аудандары енді.
Шыңғыс хан өлгеннен кейін (1227 жылы) Түрік-Моңғол мемлекетінің жаңа
ханын сайлау үшін 1228-1229 жылы құрылтай өткізіледі және таққа Шыңғыс
ханның үшінші ұлы Үгедей отырады да барлық ұлыстар аталған мемлекеттің
құрамына кіреді, ал Жошы Ұлысының (басқаша Қыпшақ Ұлысының) ханы болып
Жошының екінші ұлы Бату сайланады. Жошы Ұлысы Ұлы Ұлыс деген атаумен
тарихқа әйгілі.
Алтын Орда мемлекеті. Жошы өлгеннен кейін (1227 жылы) оның мұрагері
ұлы Бату Шыңғыс ханның Батысқа қарай тоқтап қалған жорығын қайта
жалғастырады. Ол 1236-1242 жылдары Еділ бойы елдерін, одан әрі бытыраңқы
жатқан орыс патшалықтарын талқандап, Венгрия, Чехия, Польша жерлеріне дейін
барды. Батудың жорықтарынан кейін Жошы Ұлысы Алтайдан Дунайға дейінгі
жерлермен ұлғая түсті. Бату хан Ертістегі хан ордасын Еділдің төменгі
ағысындағы, қазіргі Астрахань маңындағы жерге ауыстырады және әкесі негізін
салған мемлекеттің аумағын едәуір ұлғайтады. 1242 жылдардан бастап бұл
мемлекет орыс, Еуропа деректемелерінде Алтын Орда деген атқа ие болады,
астанасы Сарай-Бату деп аталады. Алтын Орда көпұлтты мемлекет еді. Ол
қоғамдық-экономикалық дамуының деңгейі жағынан бір-бірінен айырмашылығы
үлкен, өзіндік мәдениеті мен әдет-ғұрыптары бар, әралуан халықтар мен
тайпалардан құралды. Алтын Орда Берке-ханның (1256-1266 жж.) тұсында
нығайып. Өзбек ханның (1312-1342 жж.) және оның мирасқоры Жәнібектің (1342-
1357 жж.) тұсында толысып, құдіретті мемлекетке айналды. 1312 жылы Өзбек хан
исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады.

2 Ақ Орда моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңде Қазақстан


аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған алғашқы ірі мемлекеттік
құрылым. Территориясы әуелгі кезде Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі, Ертіс
өңірі, Ұлытау мен Кентауға дейінгі дала кірді. Саяси орталығы Сығанақ қаласы
болды. Ақ Орда дербес мемлекет ретінде шаруашылық қайта түлеп жаңғыра
бастаған, жергілікті түрік және түріктенген ақсүйектер рөлі күшейген жағдайда
қалыптасты. Бұл мемлекеттің саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті-
Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен
өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласып кетеді, ал өз
тарихының соңғы-түйінді кезінде Мауараннахр билеушісі Әмір Темірдің
басқыншылығына қарсы күреседі. Ақ Орда ХІV ғ. 60-70 жж. Орыс ханның билік
құрған кезінде күшейеді және Темірдің жаулаушылығына қарсы күрестің негізгі
ауыр салмағы соған түседі. ХІV ғ. аяғы мен ХУ ғ. бас кезінде Темірдің
басқыншылық соғыстары мен ішкі талас-тартыстан Ақ Орда әлсіреп қалады.
1423-1428 жж. Орыс ханның немересі Барақ біраз уақыт бойы Ақ Ордадағы өз
әулетінің билігін қалпына келтіреді. Бірақ ол көп ұзамай қаза табады, осыдан
кейін Ақ Ордадағы билікті Шайбан ұрпағы Әбілқайыр басып алады.
Моғолстан. ХІV ғасырдың ортасында Шағатай ұлысының ыдырауына
байланысты Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан жерінде жаңа көшпелі
мемлекет пайда болды. Моғолстан деп аталған бұл жаңа мемлекеттің аумағы
Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» шығармасы бойынша шығысында Ертіс
өзенінен солтүстігінде Балқаш, Қараталға, батысында Түркістан, Ташкентке
дейін, ал оңтүстігінде Ферғана, Қашқар, Ақсумен шектеседі. Жетісудағы ең
қуатты түрік тайпаларының бірі болып саналатын дулат тайпасы көсемдерінің
қолдауымен 1348 жылы Шағатай ұрпағы 18 жастағы Тоғылық Темір
Моғолстанның алғашқы ханы болып сайланады. Дулат тайпаларының көсемі
Поладшы өздерінің ықпалындағы адамды хан тағына тағайындай отырып, дулат
ақсүйектерінің ел ішіндегі ықпалын күшейтуге ұмтылумен қатар өз иеліктерін
Ферғана мен Мауераннахр тарапынан болатын шапқыншылықтан қорғауға және
көрші елдердің ісіне араласуға да тырысты. Мемлекеттің саяси орталығы
Алмалық қаласы болды.
Ноғай Ордасы. ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында Алтын
Орданың ыдырауы мен Ақ Орданың әлсіреуі кезінде осы мемлекеттің
бөлшектенген қалдықтарының орнында пайда болған ірі мемлекеттік
құрылымдарының бірі Ноғай Ордасы болды. «Ноғай Ордасы» деген ұғым осы
иеліктің алғашқы билеушісі Ноғайдың есімімен байланыстырылады. Ноғайлықтар
өздерін маңғыттар, ал өз ұлысын «Маңғыт жұрты» деп атаған. Ноғай
Ордасының жеке мемлекет ретінде бөлініп шығуы Едіге ханның тұсында
күшейіп, оның баласы Нұрадиннің тұсында мемлекет ретіндегі қалыптасуы
аяқталды. Ноғай Ордасының негізгі аумағына Еділ мен Жайық өзендері
арасындағы жерлер кірді. Астанасы Еділдің төменгі ағысындағы , кейінен Жайық
бойындағы Сарайшықта орналасты. Ноғай Ордасының этникалық құрамы
негізінен түрік және түріктенген моңғол тайпалары мен руларынан құралды.
Маңғыттармен бірге Ноғай Ордасында қыпшақ, найман, қоңырат, арғын, алшын,
қаңлы, үйсін, тама және т.б. тайпалар кірді. Ноғай Ордасына кірген тайпалар
қазақ халқының қалыптасуына тікелей қатысты.
Өзбек хандығы. Тарихи жазба деректерде Әбілқайыр хандығы көшпелі
өзбек мемлекеті деп те аталады. Хандықтың территориясы батысында Жайықтан
бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі
жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі
ұлан байтақ жерді алып жатты. Әбілқайыр 1428 жылы Тура өңірінде (Батыс Сібір)
Орталық және Солтүстік Қазақстанды мекендеген көптеген тайпалардың
қолдауымен хан тағына келеді. 30-жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы
Махмұт Қожаханды талқандайды. Сырдария өңіріндегі далада Жошы әулетінен
шыққан Махмұт хан мен Ахмет ханды жеңіп, Орда Базарды басып алады. 1446 ж.
Әбілқайыр Мұстафа ханды тізе бүктіреді. Сол жылы Әбілқайыр Темір ұрпақтары
мен Ақ Орда хандары жұрағаттарынан Сырдария бойы мен Қаратау
баурайындағы – Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент сияқты бірқатар қалаларды
тартып алады. 1457 жылы Әбілқайырдың әскерлері Сығанақ түбінде ойраттардан
күйрей жеңіледі. Осыдан кейін Әбілқайырдың беделі біржолата түседі. Әбілқайыр
билігіне наразы болған Жәнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір
бөлігі 1464-1465 жж. Әбілқайырдан бөлініп, Шу мен Қозыбас жазығына қоныс
аударады. Өзіне бағынғысы келмегендерді жазалау үшін Әбілқайыр 1468 жылы
Моғолстанға жорыққа аттанады. Бірақ Моғолстанға жетер жолда Әбілқайыр
кенеттен қайтыс болып, әскерлер кейін қайтады.

3. XIII ғасырдың орта шенінде Қазақстанның оңтүстігінде қала өмірі


жандана түсті.қалалар қайта өрлеп бірқатар қалалар халықаралық сауда және
дипломатиялық байланыстар өрісіне тартылады. Сол кездің жазбаша деректерінде
Сырдариядағы Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент, Ясы, Зернұқ, Жетісудағы Тараз,
Баласағұн, Қаялық, Екіоғыз, Талас және Шу алқаптарындағы Жаңабалық, Жаңа-
Талас қалалары аталады. Қаратаудың теріскей беткейімен өткен керуен жолы
Қаратау қалаларының өрлеуіне себепші болған. XIII ғасырдың аяғына қарай – XV
ғасырдың бірінші жартысында Кенже, Шілік, Сүткент, Жент қалалары ауызға
алынады.
Қалаларда қолөнер қарқынды деңгейде дамыды. Атап айтқанда, құрылыс
өнері, кірпіш күйдіру кәсібі, қыш-құмыра ісі, мыс және қола құю кәсібі, зергерлік
өнер, шыны жасау, сүйек ою кәсібі кең өріс алды. Мәселен, XIII ғасырдың екінші
жартысында Отырардың кірпіш күйдіретін шеберханасы жұмыс істей бастаған.
Қытайды, Моңғолияны Орта Азиямен, Қазақстанмен, Таяу Шығыспен,
Еуропамен жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолында бұрынғысынша
жүргінішілер көп болды. Мәселен, 1221 жылы Қытай монахы Чань Чунь
Моңғолия, Құлжа өлкесі мен Жетісу арқылы Самарқандқа барып, сол жерден
Шыңғыс ханның ордасына бет алған. 1223 жылы ол нақ осы жолмен қайтып
оралған. Керуен жолдары сауданың, қолөнердің гүлдеунуіне әкелді.
Түрік-Моңғол мемлекетінің жоғарғы билеушісі Менгу ханның тұсында
қалаларда ақша айналысы өркендеді Оны археологиялық қазба жұмыстары
кезінде табылған теңгелер дәлелдейді. Олар күміс және күміс жалатылған мыс
теңгелер болды. Қазіргі кезде 15-тен астам теңге сарайлары мәлім болып отыр.
Олардың ішінде Отырардың, Тараздың, Сығанақтың, Алмалықтың, Кенженің,
Женттің теңге сарайлары бар.
Ақша айналасының дамуына соғдылық ірі саудагер, Махмұт Ялваштың
ұлы Масудбектің қосқан үлесі зор болды. 1271 жылы Масудбек ақша реформасын
жүргізіп мемлекетті күміс теңгемен қамтамасыз етті. Реформа Қазақстан
оңтүстігінің және Жетісудың көптеген қалалары мен аудандарында бағалы күміс
теңгелерді тұрақты соғып тұратын етті. Бұл өрлеуді Кебек ханның 1321 жылғы
жаңа ақша реформасы ны,айта түсті, ол жаңа күміс теңгелер – «кебектерді»
айналымға енгізді. Темірдің (атақты ақсақ Темір) және Темір ұрпақтарының
тұсында XV ғасырдың орта шеніне дейін Отырарда теңгелер шығару
бұрынғысынша жалғастырыла берді.1430 жылдардан кейін Отырарға Ираннан,
немесе Хорасаннан әкелінген «танга-и-шахрухи» күміс теңгелер көмбесі (219
дана) Отырардың кем көлемдегі сыртқы сауда байланыстарының көрсеткіші бола
алады.
Отырар даласының шаруашылығы мен саудасы XV ғасырдың ортасы XVI
ғасырдың бірінші жартысында бұрынғысынан да зор гүлдену кезеңіне жетті. Бұл
кезде Орта Азияда, сондай-ақ көптеген теңгелердің табылуы дәлелдеп
отырғандай, Отырарда, Түркістанда және Қазақстанның оңтүстігіндегі басқа
қалаларда да товар-ақша қатынастарының барынша дамығаны байқалады.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:


1. Еуразиялық империя Алтын Орданың Қазақ тарихына қатысты
ерекшеліктері, дәстүрлері
2. Қазақстан жеріндеғі Ақ Орда, Моғолстан, Өзбек хандығы, Ноғай Ордасы
мемлекеттерінің ерекшеліктері мен тарихи маңызы
3. Алтын Орда дәуірінің мәдени-өркениеттік мұрасының Қазақ тарихы үшін
маңызы.

Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 2 том. Алматы: Атамұра, 1997.
2. Мұратхан Қани. Қазақтың көне тарихы. / Дайындаған М. Қани. Алматы:
Жалын, 1993. - 400 б.
3. Әлкей Марғұлан. Шығармалары. Алматы: Алатау, 2012.
4. Зардыхан Қинаятұлы. Шыңғыс хан. Алматы: Орда, 2008
5. Ислам Қабышұлы. Тұран әлемі. Алматы: Санат, 2007.
6. Манаш Қабашұлы Қозыбайтегі. Ата тарихы туралы сыр // Қазақстан
Республикасы ұлттық ғылым академиясының хабарлары. 1993, № 1.
7. Батыршаұлы Бақытты. Мысыр мәмлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен
байланыстары. XIII-XV ғғ. Зерттеу. Алматы: Экономика, 2005.

Дәріс 5. Қазақ хандығының құрылуы және XV – XVI ғғ. қазақ халқы


қалыптасуы
Дәрістің мақсаты – Қазақ хандығының құрылуының алғышарттары мен
одан кейінгі саяси тарихына тоқталып, қазақ халқының қалыптасуының негізгі
кезеңдерін айқындау.
1. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының тарихи алғышарттары.
2. Түрік-Монғол үстемдігі кезеңінен кейінгі Қазақстан аумағындағы
этникалық үдерістер. Этникалық аумағының және бірыңғай тілдің қалыптасуы.
Қазақ халқының қалыптасуы.
3. XV-XVI ғғ. Қазақ хандығы. Қазақ хандығының этникалық
территориясының қалыптасуының аяқталуы.
4. XVI ғ. Қазақ мемлекетінің сыртқы саясаты мен дипломатиясы

1. Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан территориясында XIV-XV


ғасырлар аралығында болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси
үдерістердің заңды қорытындысы болды. Тарихи әдебиетте В.В. Вельяминов-
Зерновтан бастап, Шығыс-Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларының бір бөлігін
Жошы ұрпағы Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу мен Талас өзендерінің
жазығына көшуі Қазақ хандығы құрылуының басталуы болды деген пікір бар.
Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиға
болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып
шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың
байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата
аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр хан үстемдігіне
қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу
жеріне қоныс аударуы Қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды
тарихи оқиға болған еді. Бұл оқиғанның мән-жайы мынадай болатын: 1428 жылы
Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ
Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде билік үшін өзара
қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр құрған «көшпелі
өзбектер» мемлекеті пайда болды. Осы мемлекеттің территориясы XV ғ. орта
шенінде Сырдариядан Сібір хандығына дейінгі Ұлан байтақ жерді алып жатты.
Алайда бұл мемлекеттің ішіндегі билік үшін күрес бір сәтте толастаған жоқ.
Әбілхайыр хан өзінің саяси душпандарын Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды
құдалауын тоқтатпады. Билік үшін күрес барысында Дешті-Қыпшақтан өздерін
қолдайтын жеткілікті күш таба алмаған Ұрыс ханның шөберелері-Керей мен
Жәнібек XV ғасырдың 50 жылдары орта шенінде қарамағандағы ауылдарымен
Шу өзенінің бойына көшіп кетуге мәжбүр болды. Осы оқиғалар жөнінде
Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарихи-Рашиди” атты шығармасында былай
деп жазады: «Ол кезде Дешті-Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі және Жошы
әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Керей мен Жәнібек
Моғолстанға көшіп барады. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып,
Манғолстаның батыс жағындағы Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып
орналасқан соң, Әбілхайыр (1468 ж.) дүние салды да, Өзбек ұлысының щаңырағы
шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібекке
көшіп кетті. Осылайша олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті.
Оларды өзбектер- «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары хижраның 870
жылдары (1465-1466 жж.) билей бастады». Сөйтіп, 1465-1466 жылдыры Шу мен
Талас өзендерінің алқабында Қазақ мемлекетінің негізін салған дербес Қазақ
хандығы құрылды. Осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан»
деген атау қолдынала бастады.

2. Қазақ жерінде халық болып құрылу процесі алғашқы қауымдық құрылыс


ыдырап, одан кейін қола дәуірі (б.д.д.ІІ –І мыңжылдықтар) мен темір дәуірі (б.д.б.
ҮІІ–ІҮ ғғ.) кезеңдерінен басталады. Олар негізінен Қазақстанның жерін
мекендеген (байырғы) тайпалардан құралған.
Орта Азия мен Қазақстанның ерте дәуірдегі кезеңдерін зерттеп жүрген
ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, біздің жерімізде қола дәуірі (Андрон, Бегазы-
Дәндібай мәдениеттері) мен темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардың (сақ,
сармат) иран тілдес болғандығы айтылады. Бұл кездегі тайпалар антропологиялық
жағынан монголоидтық белгілері бар европеидтық нәсілдерге жатты. Қазақ
халқының бастауына сақтар, үйсіндер, қаңлылар да кіреді.
Қазақ халқының шығу тегі туралы аспектілерге лингвистикалық және
антропологиялық мәселелер жатады. Орта Азия мен Қазақстан өңірінде осы екі
процестің екеуі де қатар дамып отырған. Қазақстанның ертедегі тарихын екі
аумақты кезеңге: үндіевропалық және түріктік кезеңге бөлуге болады. Атап
айтқанда, лингвистика жағынан қарғанда ежелгі европалық- үндіирандық-
прототүркілік-түркілік-қазақ. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобының батыс
тармағына жатады. Оған қарақалпақ, қарашай-балқар, башқұрт, қырым татары,
қырғыз тілдері кіреді.Ал антропологиялық тұрғыдан қарағанда - европалық-
европа-монголдық- монголдық-европалық. Бірінші кезеңде лингвистикалық тіл
жағынан Қазақстан тұрғындары үндіевропалық топтың ежелгі иран тобына кіреді.
Бұл кез б.з.д. ІІІ-І мыңжылдықтарды қамтиды.
Екінші кезеңде Қазақстанға шығыс жақтан көшпелі тайпалардың,
ғұндардың Батысқа қарай қоныс аударуына байланысты, сақ және сармат
тайпаларының жалғасы – үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып,
ассимиляцияға түскен.
Б.з.б. І ғасырда Солтүстік ғұндардың құрамына кірген көптеген түркі тілдес
тайпалар Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтіп, Қаңлы тайпалық
бірлестігімен көрші-қолаң отырды. Ғұнжардың Қазақстанға өтуінің екінші
толқыны б.з. ІІ ғасырдың 1 жартысында орын алды. Бұл кезде солтүстік
ғұндардың тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып, 6 ғасырға
дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды. Ғүндардың біріктіруші ролінің
арқасында сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық
жақындасуы іске асты. Мұның өзі тайпалардың жаңа этникалық
қауымдастығының қалыптасуына әкелді және сол этникалық процестердің бағыт-
бағдарын айқындап отырды. Этномәдениеттік жағдайда түркі тілінің одан әрі
дамып жайылған аймақтарда сол сияқты моңғол түрінің белгілі әсері де көбейді.
Сөйтіп, үйсіндер мен қаңлылардың монголоидтік нәсілге өтуі басталды. Бұл
процесс тарихи деректерге қарағанда б.з. І-Ү ғғ. қамтиды, мұның өзі жергілікті
жұрттың кескін-кейпіне, оның тіліне әсер еткені даусыз. Б.з. ҮІ ғасырынан бастап
үйсін, қаңлы және басқа тайпалар тарих сахнасынан көрінбейді, аттары
аталмайды. Оған себеп, бұл кезде Қазақстан жерінде , оңтүстік аймақта шығыстан
Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдығынан болса керек. Олар
негізінен байырқу, Бұлақ, қарлұқ, кимек, қыпшақ тайпалары еді. 6 ғасырда
Қазақстан жері Түркі қағанаты құрамына енді. Осы қағанаттар құрамында 30-дан
астам түркі тілдес ру-тайпалар болды. Үйсіндер мен қаңлылар оларға сіңісіп
кеткен. 702 жылы Батыс түркі қағанаты тарағаннан кейін оның орнына Түргеш
қағанаты (704-756), Қарлұқ қағанаты (756-940), Оғыздар (ІХ ғ. соңы – ХІ ғ. басы),
Кимек қағанаты) 893-11 ғ. б.), Қыпшақтар (11-1219 ж.), Қарахандар (942-1212 ж.)
өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына,
әсіресе екі мемлекеттің тарихи ролі күшті болды. Оның біріншісі Қыпшақ
хандығы. Ертіс пен Еділ арасын мекендеді.
Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен тағы бір мемлекет - ол оңтүстік,
оңтүстік шығыс Қазақстанда өмір сүрген Қарахан феодалдық мемлекеті. Бұл
мемлекетте қарлұқтардың ықпалы күшті болды. Шығыстан монғол тектес
көшпелі халықтар жасаған шапқыншылық оңтүстік және оңтүстік -шығыс
Қазақстанның қалыптасқан этникалық жайына соншалықты өзгеріс жасаған жоқ.
Алтай жақтан ығыса келіп, өздерінің мемлекеттік бірлестігін құрған
наймандар мен керейттер Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына елеулі
әсерін тигізді. Бірақ осы бір сапырылыс кезінде шығыстан қидандардың
(қарақытайлықтардың) шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетінің жағдайы
нашарлайды. ХІІІ ғ. басында Қарахан мемлекеті қайта көтеріліп келе жатқанда
мронғол шапқыншылығы басталды. Сондай-ақ орталық, солтүстік, шығыс, батыс
Қазақстан жеріндегі Қыпшақ мемлекеті де сондай жағдайға душар болды.
Монғолдар екі мемлекеті де қиратты. Сөйтіп, халық болып қалыптасуы процесі
ХҮ ғасырға дейін кешікті.

3. Түрік-Монғол шапқыншылығы салдарынан тұтас Ұлыстар орнағанмен,


Қазақстан жеріндегі ру-тайпалардың арасындағы байланыстар бұзылғанын, Алаш
халқының әртүрлі аймақтарға (Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Үгедей ұлысы,
Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Көк Орда, Ақ Орда) қарағанын да мойындау керек.
Ірі ру-тайпалардың бірсыпырасы қоныс аударды. Мәселен, қыпшақтардың бір
бөлігі солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірге көшті. Дегенмен тіл бірлігі
жойылмады. Себебі бұл халық монғол шапқыншылығынан бұрын-ақ мәдени
қалыптасып қалған еді. Қайта монғолдар түркіленіп кетті. Бірақ бұл кезде
бұрынғы екі үлкен нәсілдің байырғы европеидтік және кейін қосылған
монғолоидтік нәсілдердің күрделі араласуы нәтижесінде қазіргі қазақ халқы
құрамының (антропологиялық, этникалық, лингвистикалық негізде) бірыңғай
тұтас қосындысы келіп шығады.
Алайда, Қазақстан жерінде өмір сүрген ру-тайпалар түркі тілінде
сөйлегенімен территориялық бөлінуге ұшырап Моғол, Әбілхайыр, Ноғай, Көшім
хандықтарының қол астында өмір сүріп жатты. Атақты "92 баулы қыпшақ" атты
шежіреде көрсетілген бұл ру-тайпалардың барлығы кейіннен қазақтардың
құрамына кірді.
Алғашқы кезде қазақ хандығының территориясы Батыс Жетісу, Шу мен
Талас алқаптары болды. ХVІ ғасырдың бас кезінде қазақ хандығы Ақ Орда мен
Моғолстанның бір бөлігін алып жатты. «Тарихи Рашиди» бойынша Қазақ
хандығының нығаюымен Жәнібек пен Керейге бағынышты барлық халықтар
«қазақтар» деп аталына бастады.
Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен
Түркістанның кең-байтақ аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процестердің
заңды қорытындысы болды. Аралас экономикалы, көшпелі мал шаруашылығы
мен отырықшы-егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан өлкелердің табиғи
интеграциясы негізінде ХІV-ХV ғғ. тұтас экономикалық ауданның құрылуы
аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай әзірледі.
Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық, мәдени, қоғамдық-
саяси байланыстарының нығаюы қазақ рулары мен тайпаларының этникалық
жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзінде
аяқталуын себепші болды.
Қазақ хандығы өзінің ең жоғарғы қуаттылығына ХVІ ғ. бірінші ширегінде,
әсіресе Қасым хан (1511-1523 жж.) тұсында жетті. Хандықтың шекарасы Жайық
өзені алабына дейін кеңейді. Оңтүстікте Қасым ханның иеліктері Сайрам
уәлаятын қоса Сырдарияға дейін жетті. Солтүстік пен солтүстік-шығыста
Қасымның иеліктері Ұлытау мен Балхаш көлінен ары аса алысқа созылып жатты.
Біршама жетістіктерге қарамастан, Қасым хан тұсында Қазақ хандығы толық бір
орталыққа бағынған мемлекет бола алмады. Қасым хан қайтыс болғаннан кейін,
20- жылдары Жошы әулеті сұлтандарының өзара талас-тартыстары Қазақ
хандығын уақытша әлсіретіп тастады.
ХVІ ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысы мен 30-жылдары біршама
әлсіреген қазақ хандығының қайтадан бой көтеріп, қуатты елге айналуы Хақназар
есімімен байланысты. Хақназар өзінің әкесі Қасымның тұсындағы қазақ
хандығының аумағын қалпына келтіруге тырысады. Ол Ноғай Ордасының Қасым
хан тұсында қазақ елінің құрамында болған жерлерін қайта қосып алады. Бұл
туралы 1557 жылы Ноғай билеушісі Ысмайл Иван Грозныйға «менің немерелес
туыстарым Жайықтың арғы бетінде қалып қазақ ханына қосылып кетті» деп
хабарлайды. Хақназардың даңқты есімі туралы халық аңызында көп айтылады.
Оның тұсында Қазақ хандығы Қасым хан заманындағы деңгейіне жетіп, қуатты да
күшті мемлекетке айналды. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа дейін,
Солтүстікте Есіл мен Нұра өзендеріне дейін созылса, шығыста Балқаш пен Шу
өзендері және оңтүстікте Ташкентке дейін созылды. Хақназарға сонымен бірге
қырғыздар мен башқұрттардың да бір бөлігі бағынды.
Хақназар хан қаза болғаннан соң, оның орнына Жәдік сұлтанның баласы Әз
Жәнібек немересі Шығай (1580-1582) хан болды.
Ол билік құрған кезінде Хақназарды өлтірген Бұхар ханы Абдолла II (1557-
98) тұсында Ташкент маңын билеген Норазахмет (Барақ) ханның баласы Баба
сұлтаннан өш алумен болды. Сол жорық кезінде қайтыс болды.
Шығай ханның орнына отырған Тәуекел хан (1586-1598) тұсында Ресей
мемлекеті мен қазақ хандығы арасында дипломатиялық қатынас күшейе түсті.
Ресейдің мұндағы мақсаты: Қазақ хандығымен одақтасып, Сібір ханы Көшімге
қарсы күресу, осы одақтасты пайдаланып, Орта Азия хандарымен келіссөз
жүргізу еді. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін белсене
күресті.
1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сырдария
бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижано, Акси, Самарқанд сияқты
қалаларды қазақ хандығына қаратты. Бұқара қаласын қоршауға алған кезде
Тәуекел хан жараланып қайтыс болды. Тәуекел алғаш рет 1594 жылы Мәскеуге
достық қарым-қатынас орнату мақсатында Құлмұхаммед бастаған қазақ елшілігін
жіберді.

4. XVI ғасырдың 30 жылдарындағы қазақ-моғол қатынастарына келетін


болсақ, М.Қ. Дулаттың айтуынша Моғолстанның Есен Бұға ханынан бастап
(1429-1462 жж.) Рашид хан (1533-1560 жж.) заманына дейін қазақтар мен
моғолдар (дулат, үйсін, керейіт, қанлы, жалайыр, арғын) арасында достық
қатынастар болып келген. Алайда Жаркент тағына Саид ханның үлкен ұлы
Абдрашид хан отыруына байланысты қазақтар мен моолдардың өзара
қатынастарында күрт өзгеріс туды.
Моғолдың жас ханы өзі билік еткен алғашқы жылдардан бастап-ақ
бұрыңғы туыстық сезімдер мен естеліктерге емес, қайта өз заманының есепті
пікірлеріне негізделген өзіндік ерекшілігі бар өзіндік саясат ұстады. Бұл
саясаттын негізгі қыры Рашид хан өзінің мұраға алған жұрты деп қараған Жетісу
аумағынан қазақтарды аластауға және бұл аумаққа өзінің басым ықпалын
таратуға бағытталды. Осындай саясат ұстанған моғол ханы «ежелден дұшпан
болып келген өзбек шайбанилермен достық пен татулық негіздерін қалап,
ежелден дос болып келген өзбек-қазақтарды қыра бастады». Кейінірек болған
бірнеше шайқастарда бірккен моғол-шайбанилер әскері қазақ-қырғыз әскерін
жеңіліске ұшыратады.
XVI ғасырдың бассында қазақ хандарының сыртқы саясатының негізгі
мақсаты Сырдария өзені бойындағы қалалар үшін шейбанидтермен күрес болды,
яғни Абұлхайыр ханның немересі Шейбани ханмен теке-тірес осы уақытта өз
мәресіне жетті. Өйткені Орыс хан (қазақ хандары) мен Абұлхайыр хан (өзбек
хандары) ұрпақтарының арасындағы қақтығыс әулет арасындағы күрестен енді
саяси күреске алмасты. Мавеннахр аймағын (Сырдария мен Амудария өзендерінің
аралығы) әмір Темір мирасқорларынан тартып алған шейбанидтер енді жаңадан
қоныс тепкен жерлерін қазақ хандары мен сұлтандарынан қорғап қалу ғана емес,
сондай-ақ Сырдария өзені бойындағы бай қалаларды иемденгісі келетіндерін
жасырмады. Сондықтан, Шейбани хан мен қазақ хандары мен сұлтандарының
арасында бірнеше қанды шайқастар болды, алғашқы үшеуінде шейбанидтер
жеңіске жетсе, соңғы шайқаста қазақ сұлтаны Қасым басқарған әскер 1510 жылы
Шейбани ханның әскерін тас талқан етіп жеңді.
Сонымен, Орыс хан мен Абұлхайыр хан ұрпақтарының арасындағы қанды
соғыстар Шейбани хан өлгеннен кейін бәсеңдеді, алайда XVI ғасырдың ең
соңында ғана Тауекел ханның тұсында Ташкент пен Түркістан қалалары Қазақ
хандығының қарауына өтті.
Жетісуда қазақтар моғолдармен ғана емес, сонымен қатар сол кезге қарай
бптысқа едәуір ілгерілеген қалмақтармен де қақтығысқа түскен. Қазақ хандығын
ол құрылған алғашқы кезеңнен бастап қалмақтардан көршілес Моғолстан қорғап
тұрды. Бірақ мұндай жағдай біршама қысқа уақытқа созылды. Қазақ хандарының
қалмақтармен алғашқы қақтығыстары, сірә XVI ғасырдың 20-жылдарында (1520
жж.), Тахирдің «қалмақтарға тойтарыс беру үшін бір таудың етегінде Жатан
бекінісін» салғаны туралы дерек айғақтайтындай болған оқиға.
Тауекел ханның тұсында да қазақтардың қалмақтармен қақтығыстары өз
жалғасын тапты, олар көп жағдайларда қазақтардың жеңісімен аяқталып отырды.
Сонымен бірге, Тауекел хан орыс патшаларымен келіссөздер жүргізген
алғашқы қазақ билеушісі болып саналады. Атап айтқанда ол 1594 жылы Мәскеу
қаласына, Федор патшаға өзінің елшісі Құл-Мұхаметті жіберді. Елшілік
Тауекелдің жиені атақты Ораз-Мұхаметті орыс тұтқынынан босату мақсатымен
жіберілген болатын. Сонымен, қазақ елшілігінің алдына Ораз-Мұхаметті
қайтаруға қол жеткізуге және шейбанидтік Маверанахрдың билеушісі Абдаллахқа
қарсы күресте Москваның көмегіне уәдесін алу міндеттері қойылды. 1595 жылғы
наурыз айында елшіге патшаның жауап грамотасы тапсырылды, онда Москва
патшасы Тәуекелге Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына» алатынын
хабаллаған және «патша мен ханзадаларға оқ ататын қару» жіберуге уәде етеді де,
одан әрі «Тәуекел біздің патшалық қол астымызда болғандықтан және біздің
патшалық әміріміз бойынша» Бұхара патшасымен (Абдаллахпен) және бізге
опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі
патшамызға жол салатын боласыздар» деп қосымша айтқан сөздері осылар екен.
Тәуекелдің жиеніне келетін болсақ, патша оны Тәуекел оның орнына
өзінің ұлы Құсайын ханзаданы аманат етіп жіберген жағдайда ғана
босатуға келісті. Бірақ қазақ ханына Москва патшасы шарттарының
бәрін бірдей қабылдауға қолайлы болмады. Өйткені Тәуекел Қазақ
хандығының тәуелсіздігін жоғалту түрінде емес, қайта Абдаллахқа
қарсы күресу үшін әскери одақ ретінде ғана қарағаны көрінеді.
Сонымен, қалыптасқан жағдайда қамқорлық туралы мәселе жөнінде
келісімге келу мүмкін болмайшыққанымен, Москва патшалығымен
дипломатиялық қатынастар, сондай-ақ сауда байланыстары XVI
ғасырдың кейінгі жылдарында да жалғаса берді.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:


1. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының алғышарттары,
ерекшеліктері мен салдарлары
2. Түрік-Монғол үстемдігі кезеңінен кейінгі Қазақстан
аумағындағы этникалық үдерістердің салдарлары, тарихи
маңызы
3. XVI ғ. Қазақ хандығының этникалық аумағының
қалыптасуының салдарлары
4. XVI ғ. Қазақ мемлекетінің сыртқы саясатының дәстүрлері,
бағыттары мен ерекшеліктері.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. 5 томдық. 2 том. Алматы: Атамұра, 1997.
2. Мұратхан Қани. Қазақтың көне тарихы. / Дайындаған М.
Қани. Алматы: Жалын, 1993. - 400 б.
3. Әлкей Марғұлан. Шығармалары. Алматы: Алатау, 2012.
4. Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы. Алматы:
«Сардар» баспа үйі, 2014. - 520 б.
5. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан. Алматы:
Елтаным, 2014.
– 360 б.
6. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. Т.1. Алматы:
Дайк-Пресс, 2005. - 240 б.

You might also like