You are on page 1of 8

Асылбекұлы Абзал.

1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылықтың өңірлік сипаттары.


Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат
әкелді.Күшпен ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз
шаруашылықтар күйзеліске ұшырап,нәтижесінде 1932-1933 жылдары халық аштыққа
ұшырады.Сол кездегі мемлекеттерге қарағанда аштық жайлаған аудандарда халық
баудай түсіп қырылған.Аштықтан өлген адамдарды жинап, көмуге мүмкіндік
болмаған.Аштықтың салдарынан адам етін жеу фактілері де өте көп болған.Осындай
жантүршігерлік көріністертуралы мәлеметтерді зерттеушілер тәуелсіздік алғаннан
кейін архив қойнауынан алып жариялады. Аштыққа ұшыраған қазақтар босқын
болып,елден шет аймақтарға үдере көшті.Қазақстаннан шет аймақтарға кеткен қазақ
босқындарының ауыр да жанкешті тұрмысы туралы да деректер
жеткілікті.Зерттеушілер 1930-1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын,қайтып
келгендерді шығарып тастағанда 1,3 млн. Адамға жеткізеді.
Қазақтардың аштықтан қырылуы және шет аймақтарға үдере көшуі нәтижесінде
халық саны күрт азайды,яғни демографиялық апатқа әкелді. Мысалы,1930 жылдың 1
маусымы мен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында халық саны 2 есеге кеміген.
Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамының
баяндама хаттарынан және Ресейдің басшы мемлекет қайраткері ретінде жергілікті
жерлерден Мәскеуге келіп түсіп жатқан басқа да мәліметтерден хабардар болған
Т.Рысқұлов,көп кешікпей-ақ Сталинге хат жазады. Аштыққа байланысты жоғарғы
партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О.Исаевтің және “Бесеудің
хаты” толықтырады.
Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастырудың осындай зардаптары сталиндік
басшылықты біраз сескендірді.1932 жылы 17 қыркүйекте “Ауыл шаруашылығы
туралы” қаулы қабылданып,Қазақстан мал шаруашылығындағы “кемшіліктерлі түзеу”
бағыты белгіленеді.Алайда қаулы өлкелік коммитеттің жүргізген саясатын
айыптамады,тіпті,ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ.Қаулы егіншілік
аудандарында жеке меншікте 2-3 бас сиыр,10-20 бас қой,ал мал шаруашылығы
аудандарында 100 бас қой, 8-10 бас ірі қара,3-5 түйе,8-10 жылқыға дейін ұстауға
рұқсат берді.Қазақстанда 624 ферма таратылды.Жойылған тауарлы фермалардан
216370 бас мал колхозшылардың өзіндік шаруашылықтарына пайдалануға
берілді.Колхоздар мен совхоздардан 680 мың бас мал шаруалардың жеке меншігіне
сатылды.
Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі
халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті халықты үлкен қайғы-қасіретке душар етті.
Олардың негізінде алып колхоздар ұйымдастырылды. Мал шаруашылығында нағыз
жұт басталды. Мал басының саны 40,5 миллионнан 4,5 миллионға дейін кеміді.
Әсіресе түйе, жылқы, қой шаруашылықтары көп шығынға ұшырады. Мұның
нәтижесінде 1931-1933 жылдары республиканың 6,5 миллион халқының 2,1 миллионы
қырылып қалды. Аштықтан, үкімет орындарының тарапынан болған қуғын-сүргіннен
қашып, 1 миллион адам шет елдерге өтіп кетті. Малдық жайылыммен отырған
қарапайым халық енді елінен безуге тура келсе, ал Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік
Қазақстан облысының жеріне Ресей мен Украинадан арнайы қоныс аударушылар
ағылып жатты. Кейінірек, яғни саяси қуғын-сүргін жылдары мұнда корей, неміс, иран,
әзірбайжан, шешен және тағы басқа ұлт өкілдері жер аударылды. Осылайша аймақтың
әлеуметтік келбеті мен ұлттық құрамы өзгеріске ұшырады.
Халыққа қисынсыз ауыр салықтар салынды. Тәркілеу мен ұжымдастырудағы
солақайлықтар салдарынан республиканың әр жерінде үш жүзден астам халық
көтерілісі туды, олар әскери күшпен басып-жаншылды. Соның бәрі ел-жұртты жаңа
апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол
1931–1933 жылдары көшпенді халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы
жеткендер басқа өлкелерге босып, шетелдерге өтіп кетті. Мал басы он шақты есе
азайды.
30-шы жылдардың басында аштан бұралған алғашқы босқындардың пайда болуы
мен үдеп келе жатқан аштық күйзелістері жайында жер-жерден жекелеген азаматтар
Мәскеуге, Алматыға жеделхаттар жөнелтті. Ф.Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шіл-
деде өлкекомның жауапты қызметкері Ғабит Мүсірепов, Қазмембаспа меңгерушісі
Мансұр Ғатаулин, Комвуз басшылары Мұташ Дәулетғалиев пен Емберген
Алтынбеков, Госпланның сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің
хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930
жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған еді). Қазақтар
арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық»
асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды.
Ақтөбе вокзалында, жиналған қалың жұрттың көзінше, 72 жастағы зейнеткер
Бақытжан Қаратаев қазақ коммунистерінің көсемі Голощекинге ашаршылық үшін
айыптаған ауыр сөздер айтып, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне
республиканың бірінші басшысы ретінде жауапты екенін жұртшылық алдында бетіне
басты. Алайда артында қалған жазбаларында алапат ашаршылыққа жалғыз Голощекин
емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйді.
Солардың бірі Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық
комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат
тапсырғанды. Онда ол өлкеде орын алып тұрған ахуалды ашық баян етті, себеп-
салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар ретіндегі ұсыныстарын
тұжырымдады. Сонымен бірге орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар
өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше
рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін»
Ф.Голощекин отырғанда – республикадағы ауыр «жағдайды сауықтыру еш мүмкін
емес» деп санайтынын жазды.
Ол Голощекинді Қазақ партия ұйымының жетекшілігінен кері шақырып алуды Бас
хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі тікелей ашық талап етті. Сонымен бірге қазақ
ауылы мен мал шаруашылығына байланысты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер
жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Өтінішінің бұл бөлігі
қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жәйттер сталиндік Орталық
Комитеттің Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17
қыркүйекте қабылдаған қаулысына негіз етіп алынды.
Қаулының жүзеге асырылуын тиімді жүргізуді көздейтін бірқатар ұсынысын
РКСФР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов 1932 жылғы 29
қыркүйекте Сталинге жолдаған баянхатында айтты. 1933 жылғы 24 ақпанда Бас
хатшы И.Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л. Мирзоянның
атына Мәскеуде оқитын «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура
институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіпбек
Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент
Оразалы Жандосов) жіберілді.
Онда 300 мыңнан астам қазақ отбасыларының Сібір және Орта Азия темір жол
станцияларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың
облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды.
Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым
көбейіп кететіні хабарланды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов Сталинге
Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады.
Ашаршылық әу баста ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеуден басталды. Кеңестік
билік бірте-бірте орта шаруалардың да, тіпті кедейлердің де малын күштеп тартып
алды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін елді қамқорлығына алып, бағып отырған қазақ
байларының көзін жойып, бұлардың бәрі «тап күресі» деген ұранмен сұрқия саясат
жүргізіп отырған биліктің зұлымдығы еді. 1932- 1933 жылдары Әулие-Ата өлкесінде
мыңғырған малы бар ірі байлар қалмады. Балалық шақтарында сол замандағы
тағдырдың азапты тауқыметін тартқан қариялардың сөзіне қарағанда, байлар Кеңестік
биліктің өздеріне деген саясатын алдын-ала біліп, тәркілеуден жасырып қалған төрт
түлігін айналасындағы туған-туысқандарына, кедейлерге таратып берген. Ал жарлы-
жақыбайлардың жаңа үкіметке сенгені соншалықты, қолына тегін келген малды
өсірудің орнына, сойып-жеп отырған. Олар: «Кеңес өкіметі аштан өлтірмейтін болды»
деп, біртіндеп келе жатқан ашаршылықтан сақтануға ешқандай әрекет жасамады.
Келесі бір науқанда жергілікті шолақ белсенділер бай-кедей деп қарамай, үйлерді
тінтіп, елдің бірлі-жарым малына да ауыз салған. Тіпті, колхозға малын өз еркімен
өткізген адамдарға да ешқандай үлес берілмеген, көмек те көрсетілмеген. Сөйтіп,
билік өкілдері халыққа берген уәдесінде тұрмады. Кеңес өкіметіне деген ел-жұрттың
үміті ақталмады.
Мәселен,Балқаш ауданында бар малдың басы 173 мың болса,етке өткізілуге тиіс
малдың саны 300 мың болып белгіленді.Ауданның 3 жылда етке мал өткізу жоспары
160 мың бас малдан 1,5 млн бас малға ,яғни 10 есеге дейін өсті.1933 жылы 10-16 шілде
күндері өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумында сөйлеген
Х.Нұрмұхамедов мынадай деректер келтірді: «Менің бауырымның,яғни 12 жыл
жалшы болған кісінің бір сиыры болды.Егіншілікпен ешқашанда айналыспаған.Соған
қарамастан оған 1930 жылы 5 пұт астық салығын салып,бұл астықты төлеу үшін соңғы
сиырын және үйдегі мүліктерін сатуға мәжбүр болды.Өкінішке орай мұндай
жағдайлар өте көп кездеседі».Сөйтіп,жергілікті жерлерде егіншілкпен
айналыспағандарға астық,малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды.Оны
орындамаған жергілікті басшылар да,шаруалар да жазаға тартылды.Сол себепті
ешкімнің ешкімді аямауы,әрқайсысы өз басын қорғау үшін жаупкершіліктен бас тарта
отырып,басқаларды құрбандыққа шалу үйреншікті қалыпқа айналды.
Астық пен ет дайындау мәжбүрлеу, жазалау және үрей туғызу арқылы жүргізілді.
Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын
көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Мысалы, астық салығынан 2 жыл
мерзімге босатуға жататын Оңтүстік Қазақстан облысындағы көшпелі мал
шаруашылығы Талас және Созақ аудандарында астық даярлау жүргізілді. Ал етке
өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп
жатты.Сталиндік сібірлік тәсілді негізге алған Голощекин астық пен ет
дайындау науқаны барысындағы қателіктерін кулактар мен байларға қарсы күрес же-
леуімен бүркемеледі. Азық-түлікдайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына
ғана емес, өз өмірлеріне де қауіп туғызды. Партия басшыларының қатыгез саясаты
жергілікті жерлерде үрей отын шашты. Өйткені партияның арнайы және жергілікті
өкілдері 107-баппен соттау, түрмеге камау әрекеттерін кең жүргізді. Ал 1932—1933
жылдары азық-түлік даярлау барысындағы шараларын қатаңдатқан, негізінен, ату
жазасын белгілеген 1932 жығы 7 тамызда қабылданған «Мемлекеттік
кәіпорындардың,ұжымдар мен кооперацияның мүлкін қорғау және қоғамдық
(социалистік) меншікті нығайту туралы» заңы жазалаушылық әрекеттерді одан әрі
өршіте түсті. Ол заң бойынша ату, немесе жазасын жеңілдетіп, мүмкін жағдайда
мүлкін тәркілеп 10 жылға түрмеге отырғызу жазасы белгіленген еді. Осылайша
қанқұйлы саясат ұстаған басшылар қарапайым халық күйзелісін шегіне жеткізді.
Алдымен мал, одан соң адамдар жаппай қырылды. Торғай облысында, мәселен 1931
жылғы 100 мың бас малдан 1933 жылы бар-жоғы 4 мыңы ғана қалды.
Жалпы, ашаршылықтың келе жатқаны 1930 жылдың басында-ақ белгілі бола
бастаған еді. Көшпелі және жартылай көшпелі елдің негізгі күнкөріс көзі мал өнімдері
болғандықтан, малдан айырылған қазақтар 1931-1933 жылдары жаппай аштыққа
ұшырады. Сол кездегі газеттер ашаршылық апаты туралы тіс жармады.
Жиырмасыншы жылдардың басында ашыққандарға көмектесу үшін «Помгол» қоғамы
құрылған болатын, ал отызыншы жылдардағы баспасөз беттерінде ашаршылық емес,
тек азық-түлік қиыншылығы деп қана көрсетілді. Керісінше, қырылып жатқан халық
туралы бір ауыз сөз айтпай, ұжымдастыру мен социализм жеңісі жайында айқайлап
жатты.
Тұтас бір халықты жер бетінен жойып жіберуді ойластырған Кеңестік биліктің
зұлымдығында шек болмады, оны біреу білсе, біреу білмейді. Әсіресе, қазіргі өскелең
ұрпақ еліміздің тарихындағы алапат аштықтың салдарынан ұлтымыздың қынадай
қырылғанын, тарыдай шашырап шетелдерге тоз-тоз болып босып кеткенін біле ме
екен? Шындығын айтатын болсақ, күні бүгінге дейін мектептегі тарих оқулықтарында
бұл жөнінде мардымды ештеме айтылмайды. Сол жылдары көптеген болашағынан зор
үміт күттірген жастарымыз тағдырдың аяусыз шеңгеліне түсіп, аштықтың азабынан
көз жұмды. Бұл зобалаң жылдардағы қайғылы оқиғаларды, әсіресе, жастар білуі тиіс.
Биліктің қолымен жасалған ашаршылықты халық арасында кеңінен насихаттау
мақсатында қазақ тарихындағы ең қауіпті қасірет болгандығын орта мектептен бастап
оқытуды қолға алатын мезгіл жеткен сияқты. Елдің басына төнген зор
ауыртпалықтарды жастарға айта отырып, енді ондай қиын заманның қайталанбауы
үшін бірнеше ғасырдан кейін қол жеткізген тәуелсіздігімізді мәңгілік етуге
тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі және келешектегі ұрпақ тарихымызда болған
нәубетті білуі қажет, сондай-ақ тағдырдың тозағына түсіп, азаппен көз жұмғандарды
есте сақтау - біздің борышымыз деп санағанымыз жөн. Бұл еліміздің өткен тарихынан
сабақ алу үшін керек. Мамыражай тыныш қана өмір сүріп жатқан ел-жұртты есінен
тандырып, зар қақсатып, аштан қатырған заман - қазақ даласындағы ең қасіретті
сұрапыл кезеңдердің бірі болғанын жас ұрпақ білуі керек және содан сабақ алғаны
жөн.
Қайсыбір қариялардан нәубет жылдардағы көрген-білгендерін сұрай қалсаңыз,
барлығының айтқандары бір жерден шығып жатады. Олардың айтуынша, 1930
жылдан бастап колхоздастыру науқаны Әулие-Ата өңірінде жаппай етек алған. Кеңес
үкіметіне әбден сенген ауылдағы «ұрда-жық» шолақ белсенділер «колхозға малыңды
бермесең, колхозға мүше болып кірмесең, итжеккенге айдаласың, сотталасың» деп
әкіреңдеп, елдің берекесін кетірген. Ауылдарда тігерге тұяқ қалдырмай байға да,
кедейге де қарамай барлық малын зорлықпен тартып алып, колхозға біріктірген. Мал
өнімдерімен тіршілік жасап отырған ел-жұрт не істерін білмей, бала-шағасының
қамын ойлап жанталасқан. Ұжымдастыру кезінде бір-екі жылдың ішінде ауқатты
шаруа қожалықтары толығымен жойылды. Колхозға бірігуге наразылық білдіргендер
мемлекеттік қылмыскер ретінде жазаланды. Ұлтыңа діни сенімдеріне және әлеуметтік
тегіне байланысты да қуғын-сүргінге ұшырап жатты. Тіпті, кейде мемлекеттік қарыз
алуға (заемға) жазылудан бас тартып, қайыршылық өміріне мұңайып, қазіргі өмірін
Қазан төңкерісіне дейінгі өмірімен салыстырса да «халық жауы» болып шыға келетін.
Көкірегі көрсоқыр Кеңес үкіметінің өкілдері ел ішінде қаптап жүрді, оларға
жергілікті жалған белсенділер қосылып халықтың төрт түлігін бір тұяқ та қалдырмай,
түгелдей сыпырып алды. Бұдан артық қиянат болар ма екен? Олар малмен күн көріп
отырған қазақтардың жағдайымен санасу дегенді білмеді, тек көксегені жоғарғы
билікке жағыну, мансапқа қол жеткізу ғана болды. Сол кездегі аудандық және
облыстық басшылардың іс-әрекеті Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші
хатшысы Ф. Голощекиннің көңілінен шығу, қайткенде де оған жағыну еді. Дегенмен,
билік басында отырғандардың арасынан халықтың қамын ойлаған қайраткерлер де
шықты. Оларды қызметтерінен босатып, «колхоздастыруға қарсы болды, бай-
кулактарды жақтады» деп қуғынға ұшыратқан. Кейінірек, олардың көбі атылып кетті.
Қарттардың естеліктерінде жаңа үкіметтің тарапынан Әулие-Ата уезіндегі елге
салынған салықтардың өте көп болғандығы айтылады. Халықтан алынатын салықтың
мынадай түрлері болған: ет салығы, жүн салығы, май салығы, тері салығы, сүйек-
мүйіз салығы, тіпті, ит терісінің салығы да болған. Осылардың бәрін мемлекетке
өткізуді ғана ойлаған билік өкілдері халықты қысымға алып, есінен тандырады.
Мұндай зорлық-зомбылық бұрын-соңды болды ма екен? Жергілікті белсенділер жерді
тепкілеп: «жерден қаз, көктен сау, қайдан тапсаң, одан тап!» деп зіркілдеп, тіпті
кедейдің жалғыз лағын да тартып алып отырды. Өкімет өкілдерінен қорқып, ер-
азаматтар бір ауыз сөз айта алмай іштерінен тынып үндемей қала берсе, ал әйелдер
мен бала-шаға зар еңіреп етектері көздерінің жасына толған.
1930-1933 жылдары Әулие-Ата халқы ашынардай аянышты, өте қайғылы
оқиғаларды бастарынан өткерді. Халық ауылдарынан безіп, жан-жаққа босып кетті,
үй-іші түгелдей аштан қырылды, азынаған аязда қатып қалды, ауруға шалдықты.
Кейінірек бұны «асыра сілтеу» зардабы деп атады. Сөйтіп, бүкіл өлке адам айтқысыз
қырғынға ұшырады. Аштықтан өлген адамдар, балалар мен қарттар жөнінде, жер
бетінен жойылып кеткен ауылдар, далада үсіп, ауруға шалдыққандар туралы сол
заманды көрген қариялардың айтқан естеліктері - ащы шындық, қазіргі қазақ
тарихының бір құрамдас бөлігі.
Колхозға біріктіру үшін бір ортаға жинап алған малдың күтімі болмады. Жаз бойы
алашапқын болып малды ортаға жинап, колхоздың малына қысқы жем-шөп
дайындаудың қажеттігін билік өкілдері түсінбей, төрт түлікті қырғынға ұшыратты.
Мемлекетке ет өткізу науқаны басталып есепсіз сойылған малдың еті сасып, апаратын
жеріне жетпей жатты, сол сияқты Ресейдегі ашыққандарға жәрдем көрсету, ит-құс
жеді, өлді және т.б. себеп- сылтаулармен колхоздың малы талан-таражға түскен. Бұл
жөнінде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар
Рысқұлов 1933 жылы наурыз айында Сталинге жазған хатында көрсетіп берді.
Ашынған халықтың наразылығын болдырмау мақсатында ауылдарға шыққан
билік уәкілдері «Кеңес өкіметі сендерді аштан өлтірмейді, қыс бойы азық-түлікпен
(продпомощь) қамтамасыз етеді» деп алдаумен болған. Қарапайым халық та бір
алдағанға сене қалатын бала сияқты емес пе? 1931-1933 жылдары мемлекет тарапынан
ашыққандарға ешқандай көмек болмады.
Зобалаң жылдардың ауыртпалықтарын көрген, бүгінде көзі тірі қарттардың
айтуынша, Әулие-Ата аймағында аштықтан жаппай қырғынға ұшыраған Шу,
Мойынқұм, Меркі, Қордай, Талас, Сарысу және бұрынғы Әулие-Ата аудандарындағы
елдің жағдайы өте ауыр болған. Сұрапыл аштықтың салдарынан тұрғындар түгелдей
қырылып, жер бетінен жоғалып кеткен ауылдар аз болмаған. Бірыңғай аңшылық пен
балық аулау да кейбір аймақтарда ешкімді ашаршылықтан құтқара алмады. Сол
жылдары қуаңшылыққа байланысты бұл өңірдегі егіс алқаптарында астық шықпай
қалған. «Жұт-жеті ағайынды» деп халық тегін айтпаған ғой. Тіпті, 1932 жылы көктемгі
егістен қалған тұқымдық астықтың өзін де Голощекиннің нұсқауымен бір дән
қалдырмай қайтадан мемлекеттік қоймаларға тасып алып кеткен.
1932 жылы жаз-күз айларында қазақтар жаппай қырыла бастады. Қолдарында
бар бір-екі малын аштыққа шыдай алмаған жұрт сойып тастаған. Ұрлық жасаудың
қылмыс екенін білсе де, әбден аштық қысқан адамдар колхоздың қорасындағы малға
қол сала бастайды. Жан сақтаудың басқа амалы бар ма, шіркін, егер үйде бала-шаға
аштан өлейін деп жатса...
Әулие-Ата өңірінде болған алапат аштық қалың елді жайпап кетті. Қазақ
ауылдары аранын ашқан зұлматпен алысып, діңкесі құрыды. Көшпелі өркениеттің
дамуына зор үлес қосқан бұл өңірдің қазақтары бір кезде қазы мен қарта шайнаса, ал
енді тышқан аулап, иттің етін азық қылатын жағдайға жетті. Сапырылған сары
қымыздың орнына сасыған құдықтың, шалшықтың борсыған суын ішті. Ашыққан
халық тері-тулақты жей бастаған, қыста қоқысқа лақтырып тастаған сүйекті жинап
алып, суға қайнатып бетіне шыққан майын ішіп, сүйегін кемірген. Жаз айларында
торғай, тышқан аулап өлместің күнін көрген. Өңсіз-түссіз, бетінен қаны қашқан
қазақтар беті ауған жаққа қаңғып кетті. Шетсіз-шексіз сайьш далада сарышұнақ аулап,
ол да тамақ болмай жеткен жерлерінде құлап жатты. Өздері сол тышқандарға жем
болды. Тамақты таңдап, талғап ішетін қазақ малдан жұрдай болып, бірінің етін бірі
жеуден тайынбады. Осындай сұмдықты бұрын көрген жан бар ма екен? Ел тарыдай
шашырап, басы ауған жаққа босып кетті. «Аштық қабырғаға батқанда адамның есі
кетіп, шырқырап жан даусы шығады екен!» деп еске алады қаралы күндердің
зардабын тартқан бүгінгі қариялар. Ашаршылық ел ішін жайлап, тау-тасты кезіп
кеткен пенделер ісіп-кеуіп әр төбенің етегінде, әр бұтаның түбінде аштан өліп, сұлап
жатқан қаншама әйел-еркек, кемпір-шал, бала-шағаның сүйегі көмусіз қалғанын
көздеріне жас алып айтып берген қарттардың көңіл-күйіне біздің де көңіліміз
босағандай болды...
Барар жері, басар тауы болмаса да ашыққан халық Үкімет өкілдері мен қатыгез
белсенділерден әбден зорлық көріп, аштан өлгені өліп, бірлі-жарым тірі қалғандары
жан-жаққа қаңғып кетті. Сай-саланың баурайында, жол біткеннің бәрінде ісіп-кеуіп
өліп жатқан адамдарға қарап жатқан ешкім болмады. Жаяу-жалпылап, кішкентай
сәбилерін арқалап, жүруге жарайтын балаларын қолдарынан жетектеп босып бара
жатқан жандарды милиция немесе қызыл әскер қуып жетіп «Кеңес өкіметіне қарсы
шықтыңдар, колхоздан қашып бара жатырсыңдар!» деп кері қайтарған, көп жағдайда
бораған оқтың астына алып қырып салған. Сондай бір қанды қырғыннан кездейсоқ
тірі қалған қария сондағы өзі көрген зұлымдықтар мен жауыздықтарды жылап отырып
айтқанда, адамның жаны түршігеді.
Қазақ ауылдарын ұжымдастыру кезінде шектен шыққан билік өкілдерінің
озбырлығы мен зұлымдығы бір-екі жылдың ішінде елді аздырып-тоздырып,
қаңғыртып жіберді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген саяси науқан
сол тұста Кеңес өкіметінің адамзат төзе алмайтын қаскүнем ұраны болды. Осыған
шыдай алмаған қаншама қазақ туған жерін, алтын бесік - атамекенін тастап, бас
сауғалап, жан сақтау үшін Ресей, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Түркия т.
б. елдерге ауып кетті. Кеңестік билік халыққа жасаған қиянатын жасыру үшін басқа
елдерге жаппай қоныс аударуға қатаң тыйым салған екен. Ауыл-аймағымен көшіп
бара жатқан қазақтарды қызылдар «бандылар, өкіметке қарсы шыққандар» деп, жойып
жіберуге жоғарғы биліктен бұйрық алып отырыпты. Шындығына келгенде, олар мал-
жанын, отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу мақсатында шетелдерге көшіп
бара жатқан кінәсіз жандар еді. Сондай адам төзгісіз қиындықтарға қарамастан
шекарашылардың оғының астынан өтіп, тірі қалған жүздеген мың аштықтан қашқан
қазақтар ауыл-аймағымен Қытай асты. Қаншама кәрі-жас, үлкен-кіші, бала-шаға
діттеген жерлеріне жете алмай шекарада оққа ұшты. Әулие-Ата өңіріндегі қарттардың
естеліктеріне қарап отырсақ, бұл аймақтың халқы Қырғызстан мен Қытайға көбірек
кеткен екен.
1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың қасақана жасалғаны анық көрініп тұрады.
Сол кездегі баспасөз беттерін ақтарғанда, отызыншы жылдары Қазақстанда азық-
түліктің жетерліктей болғаны туралы мәліметтер кездеседі. Ғасырлар бойы мал
өсірумен айналысқан қазақтардың жаппай ашаршылыққа ұшырауының ең басты
себебі — Кеңес өкіметінің күшпен елдің малын тартып алып колхозға біріктіру
саясатының мүлде теріс жүргізілгені, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі
ескерілмей, ежелден қалыптасқан өмір сүру тәсілі болған төрт түлік ұстауға қатаң
тыйым салып, отырықшы болып егін салумен айналысуға зорлап мәжбүрлеген
солақай саясаты еді.
Сонымен қатар, Сталин бастаған Кеңестік билік басшыларының қазақ халқына
деген көзқарастарының да теріс болғанын мынадай мәліметтерден біле аламыз. Ел
арасында күні бүгінге дейін отызыншы жылдары Қазақстан өлкелік партия
комитетінің бірінші секретары болған Голощекиннің шексіз зұлымдығы туралы
айтылып жүрген әңгіме бар. Ол қала көшелерінде аштан өліп жатқан қазақтардың
үстінен аттап өтіп «колхоздан қашқан қазақтың тірісінен өлісі жақсы» деп, өзінің
қатыгездігін, адамгершілік қасиеттен жұрдай екендігін көрсетіпті.
Қорытындылай келе 1930 жылдардағы ашаршылық – адамзат тарихында бұрын-
соңды болмаған алапат трагедия. Себебі, Қазақстанда тұрған 6 миллионнан сәл асатын
халықтың 2 миллион 200 мыңы, яғни 40 пайызға жуығы қырылған. 1 миллионнан
астамы (17%-ы) шет елдерге босып кетті. Ал енді Кеңес одағының құрамында болған
Украинада да аштық болды. Солай болғаны рас, 3,5 миллионға жуық адам қырылды.
Ол кезде украин халқының саны 40 миллионға жуық болатын, сонда республикада
тұратын халықтың санына шаққанда Қазақстандағы ашаршылық адам айтқысыз
сипатта өткені анық көрініп тұр. Соғыс өз алдына, ал бейбіт уақытта адамдардың
осылай қырылуы адамзат тарихында ешқашан болған емес.Бүгінгі күні халқымыздың
саны өсуімен бірге санымыз бен сапамыз да көтеріліп келеді. Сондықтан
тарихымызды түгендеу асқан жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет етеді. Бұл
үшін әр нәрсенің байыбына барып, нақты фактілерге сүйеніп пікір айтып, тұжырым
жасаған жөн. Біздің бала кезімізде ата-анамыз нанның қоқымы жерге түспесін, аяққа
баспаңдар деп үйретті. Біз солай өстік. Бүгінгі ұрпақты да сондай түсінікпен өсіру
үшін оларға қуғын-сүргінде жазықсыз жапа шеккен адамдардың, аштық
құрбандарының тарихын жеткізу керек. Өткен ұрпақ тәжірибесі, тарихта болған
ащылы-тұщылы оқиғалардан сабақ алу келешектегі қателіктен
сақтандырады, адамдарды адалдыққа, бір-бірімен татулыққа тәрбиелейді. Осының
барлығы тарихи сананы қалыптастырады. Кешегі күні халқымыздың басынан не өтті,
халық қандай күйде болды, жас ұрпақ білуі тиіс.

You might also like